1304

«Бетінен жұдырықпен ұрған»: Алматыда баланы ұрған ер адамды әскери қызметшілер ұстап қалды

Оқиға куәсі болған балалар қатты шошып қалған.

«Бетінен жұдырықпен ұрған»: Алматыда баланы ұрған ер адамды әскери қызметшілер ұстап қалды
Қорғаныс министрлігі

SMARTNEWS.KZ басылымының хабарлауынша, Алматыда кәмелетке толмаған балаға шабуыл жасаған ер адамның әрекетін әскери қызметшілер дер кезінде тоқтатты. Олар күдіктіні полиция келгенге дейін ұстап, кейін құқық қорғау органдарына тапсырды. Бұл туралы Қорғаныс министрлігі жазды.

Министрліктің мәліметінше, оқиға 5 тамыз күні таңғы сағат 08:00 шамасында болған. Бейбітшілік операциялары орталығының төрт әскери қызметшісі «Атакент» саябағы маңымен өтіп бара жатқанда кәмелетке толмаған балаға қарсы жасалған заңсыз әрекетті байқап қалған.

Ведомствоның хабарлауынша, белгісіз ер адам кенеттен балаға шабуыл жасап, оның бетіне жұдырықпен соққы берген.

Әскери қызметшілер уақыт оздырмай жағдайды бағалап, шабуылдың жолын кескен. Олар күдіктіні залалсыздандырып, полиция қызметкерлері келгенге дейін ұстап тұрған. Кейін ер адам Алматы қалалық полиция департаментінің қызметкерлеріне тапсырылған.

Зардап шеккен баланың отбасы офицерлерге арнайы алғыс білдірді.

Олардың айтуынша, оқиға кезінде маңайда басқа да балалар болған және олар қатты қорқып кеткен. Егер әскери қызметшілер дер кезінде араласпағанда, жағдайдың қалай аяқталары белгісіз еді.

Отбасы подполковник Батыр Туяковқа, майор Медет Махметовке, капитан Данияр Баймулдинге және капитан Әсем Әбдірайымоваға батылдығы, қырағылығы және балалардың қауіпсіздігін қамтамасыз еткені үшін ризашылығын жеткізді.

Материал авторы

Аиса Махамбет
Аиса Махамбет Редактор