«72 рет пышақтар едім»: Нұрай Серікбай ісіне қатысты пікір үшін полицияға арыз түсті
Жәбірленуші тараптың адвокаты бұл пікірді ауыр қылмысты насихаттау және қылмыскердің әрекетін ақтау деп бағалады.
SMARTNEWS.KZ басылымының хабарлауынша, марқұм Нұрай Серікбайдың өліміне қатысты әлеуметтік желіде жарияланған даулы пікір құқық қорғау органдарының назарына ілікті. Жәбірленуші тараптың адвокаты Аянхан Омаров пікір авторын анықтап, заң талаптарына сәйкес жауапкершілікке тарту туралы полицияға арыз бергенін мәлімдеді.
Адвокаттың айтуынша, әлеуметтік желідегі анонимділік ешкімді заң алдындағы жауапкершіліктен босатпайды.
Оның мәліметінше, TikTok желісіндегі @dkraken9 аккаунтының иесі: «72 рет пышақ тығар едім, че там» деген пікір қалдырған.
Аянхан Омаров бұл жазбаны жай эмоция емес, аса ауыр қылмысты насихаттау әрі қылмыскердің әрекетін жария түрде ақтау деп бағалады.
«Нұрайға ондаған пышақ жарақаты салынғанын біле тұра осындай пікір жазылған. Осыған байланысты мен жәбірленуші тараптың өкілі ретінде Шымкент қаласы Полиция департаментіне аталған аккаунт иесін анықтап, оны заң талаптарына сәйкес жауапқа тарту туралы арыз жолдадым», – деп жазды адвокат.
Еске салайық, прокуратураның айыптау нұсқасына сәйкес, Шерхан Аймахан Нұрай Серікбай тұрмысқа шығудан бас тартқаннан кейін ұзақ уақыт бойы оның соңынан аңдыған.
Айыптау актісінде 10 қаңтар күні күдіктінің қызға 36 рет пышақ жарақатын салғаны көрсетілген. Қылмыстық іс аса қатыгездікпен жасалған адам өлтіру бабы бойынша қаралып жатыр.
Аталған бап бойынша кінә дәлелденсе, айыпталушыға 15 жылдан 20 жылға дейін бас бостандығынан айыру немесе өмір бойына бас бостандығынан айыру жазасы тағайындалуы мүмкін.
Материал авторы