Қостанайда көлеңкелі несие империясын құрған адам сотталды
Тергеу мәліметінше, күдікті лицензиясыз жоғары пайызбен несие беріп, миллиардтан астам теңге заңсыз табыс тапқан.
SMARTNEWS.KZ басылымының хабарлауынша, Қостанай облысында лицензиясыз микрокаржылық қызмет көрсетіп, қылмыстық жолмен алынған кірістерді заңдастырған жергілікті тұрғынға қатысты сот үкімі шықты. Бұл туралы Қаржылық мониторинг агенттігінің баспасөз қызметі хабарлады.
Тергеу мәліметінше, ҚМА-ның Қостанай облысы бойынша департаменті күдіктінің заңнамада көзделген лицензиясыз мүлікті кепілге қою арқылы қарыз беру қызметін ұйымдастырғанын анықтаған.
Клиенттерді тарту үшін ол OLX пен Instagram платформаларында жарнамалар жариялаған.
Тергеу дерегіне сәйкес, күдікті банктерден несие ала алмай жүрген және қиын материалдық жағдайда қалған азаматтарға жылдық мөлшерлемесі 120 пайызға дейін жететін жоғары пайызбен қарыз берген.
Сонымен қатар, нотариалды куәландырылған шарттарда берілген қарыздың нақты сомасы емес, алдын ала есептелген сыйақы, рәсімдеу шығындары және өзге де төлемдер енгізіліп, негізсіз ұлғайтылған сома көрсетілген.
Мәселен, жәбірленушілердің бірі шын мәнінде 9 млн теңге алғанымен, келісімшартта 14 млн теңге көрсетілген. Кейін оған 18 млн теңге көлеміндегі тағы бір қарыз туралы шарт жасалған. Алайда бұл келісім бойынша ешқандай ақша берілмеген. Соның салдарынан сот шешімімен азаматтан 26 млн теңге өндірілген.
ҚМА мәліметінше, заңсыз әрекеттердің нәтижесінде 50-ден астам азамат өздері үшін тиімсіз шарттармен қарыз міндеттемелеріне тартылған.
Тергеу барысында күдіктінің қылмыстық жолмен тапқан кірісі 1 млрд теңгеден асқаны анықталған.
Сот үкімімен ол 2 жыл 8 айға бас бостандығынан айырылды.
Сондай-ақ сот қылмыстық табысқа сатып алынған төрт пәтерді, екі жер телімін, Mercedes-Benz G500, Dodge RAM 1500 және Hyundai Santa Fe автокөліктерін мемлекет кірісіне тәркілеу туралы шешім шығарды.
Үкім әзірге заңды күшіне енген жоқ.
Материал авторы