Астанада бір ғана сіріңкенің кесірінен тұрақтағы көлік өртенді
Газдың ағуы мен сөндірілмеген сіріңкенің қатар келуі көліктің өртенуіне себеп болғаны сотта дәлелденді.
SMARTNEWS.KZ басылымының хабарлауынша, Астанада автотұрақта болған өртке қатысты сот ісі аяқталды. Газбаллон қондырғысымен жабдықталған Audi A6 көлігі сөндірілмеген сіріңкенің салдарынан өртеніп, сот оқиғаға екі көлік иесінің де жауапкершілігі бар деген шешім шығарды. Бұл туралы Жоғарғы сот жазды.
Талап арыз көлік иесінің тіркелген мекенжайы бойынша берілгендіктен, істі Тараз қалалық соты қараған.
Іс материалдарына сәйкес, оқиға 2025 жылдың мамыр айында Астанадағы автотұрақта болған. Жүргізушілердің бірі көлігінің ішінде темекі тұтатып, кейін ашық терезеден толық сөндірілмеген сіріңкені сыртқа лақтырған. Сол сәтте жанында тұрған газбаллон жүйесі орнатылған Audi A6 көлігі отқа оранған.
Оқиға бейнебақылау камераларына түсіп қалған. Сараптама қорытындысы бойынша, өрттің шығуына газдың ағуынан пайда болған газ-ауа қоспасының тұтануы себеп болған. Ал тұтану көзі ретінде сыртқа лақтырылған сіріңке анықталған.
Тәуелсіз бағалау нәтижесінде көлікке келтірілген шығын көлемі 2,9 млн теңгеден асқаны белгілі болды.
Сіріңкені лақтырған жүргізушіге қатысты қылмыстық іс қасақана әрекет болмағандықтан тоқтатылған. Ал әкімшілік іс жүргізу мерзімінің өтуіне байланысты жабылған. Соған қарамастан, бұл оны азаматтық-құқықтық жауапкершіліктен босатқан жоқ.
Сонымен қатар, сот өртенген Audi A6 иесінің де өрескел абайсыздыққа жол бергенін анықтады. Ол көлікті ұзақ уақытқа қалдырар алдында газбаллон жабдығын пайдалану кезіндегі міндетті өрт қауіпсіздігі талаптарын орындамаған. Соның салдарынан газ сыртқа шығып кеткен.
Осылайша сот өрт екі жүргізушінің де әрекеттерінің жиынтығынан болған деген қорытындыға келді. Әр тараптың жауапкершілік дәрежесін ескере отырып, талап арыз ішінара қанағаттандырылды.
Сот шешімімен жауапкерден материалдық шығын мен сот шығындарын қоса есептегенде 1,6 млн теңгеден астам қаржы өндірілді.
Шешім заңды күшіне енді.
Материал авторы