881

Испаниялық жанкүйер Димаштың қазақша әнін үйренудің ерекше тәсілін көрсетті

Видео аз уақыт ішінде ондаған мың қаралым жинап, TikTok-та кеңінен тарады.

Испаниялық жанкүйер Димаштың қазақша әнін үйренудің ерекше тәсілін көрсетті

SMARTNEWS.KZ басылымының хабарлауынша, Димаш Құдайбергеннің Испаниядағы жанкүйерінің қазақ әнін жаттаудың ерекше тәсілі әлеуметтік желі қолданушыларының назарын аударды. Бұл туралы Stan.kz жазды. 

TikTok желісіндегі Yolinata парақшасының иесі Димаштың әндерін қалай үйреніп жүргенін көрсеткен бірнеше бейнеролик жариялаған. Ол орындаушының «Ұмытылмас күн» әнінің сөздерін ресми мәтіннен көшірмей, қазақша қалай естілсе, дәл сол дыбысталуына қарай латын әріптерімен қағазға түсірген.

Осылайша испаниялық жанкүйер қазақ тіліндегі сөздерді өзіне ыңғайлы түрде жазып алып, әнді түпнұсқа тілінде орындауға талпынған.

Мысалы, ол ән жолдарын былай белгілеген:

«Пай-пай шіркін, Ұмытылмас күн» – pai pai ser kan, omo tal maskens;

«Аңсап күткен арманым сен» – amsap kur ken arma nam sie;

«Алаулаған таңдарым сен» – alau la jan tandra ram sie.

Бұл бейнеролик қысқа уақыт ішінде ондаған мың қаралым жинап, желіде қызу талқыланды. Көптеген қолданушы бала кезінде ағылшын және басқа да шетел әндерін дәл осындай тәсілмен жаттағанын айтып, әзілге басты.

Пікір қалдырушылардың бірі: «Біз де кезінде ағылшын әндерін осылай айтып жүрдік қой», десе, енді бірі: «Бумеранг деген осы шығар, енді шетелдіктер қазақ әндерін осылай үйреніп жатыр», – деп жазған.

Сонымен қатар қазақстандықтар испаниялық жанкүйерге қазақ тіліне және Димаш Құдайбергеннің шығармашылығына деген қызығушылығы үшін алғыс айтты.

Көпшілік оның сөздерді жазу тәсілі күлкілі көрінгенімен, қазақ әнін түпнұсқа тілінде орындауға деген талпынысы үлкен құрметке лайық екенін атап өтті.

Материал авторы

Аиса Махамбет
Аиса Махамбет Редактор