Алматыда кәсіпкерлерге 86,5 млн теңгеге дейін жеңілдетілген несие беріледі
Бағдарлама аясында кәсіпкерлер жылдық 6% немесе 9% мөлшерлемемен 86,5 млн теңгеге дейін қаржы ала алады.
SMARTNEWS.KZ басылымының хабарлауынша, Алматыда «Almaty Business – 2030» өңірлік бағдарламасы аясында шағын және микробизнесті дамытуға арналған жеңілдетілген несиелеу жалғасып жатыр. Бағдарлама кәсіпкерлерге жылдық 6% немесе 9% мөлшерлемемен (ЖТСМ) қаржы алуға мүмкіндік береді. Бұл туралы Алматы қаласының әкімдігі хабарлады.
Бағдарламаны «Алматы» әлеуметтік-кәсіпкерлік корпорациясының еншілес ұйымы – «Almaty» микроқаржы ұйымы жүзеге асырады.
Бір қарыз алушыға берілетін несиенің ең жоғары сомасы 86,5 млн теңгеге дейін жетеді. Инвестициялық мақсаттағы несиелер 7 жылға дейін, ал айналым қаражатын толықтыруға арналған қарыздар 3 жылға дейінберіледі.
Жылдық 6% мөлшерлемемен (ЖТСМ – 6,2%-дан 6,6%-ға дейін) берілетін несиелер арнайы салық режимін қолданатын кәсіпкерлерге, әлеуметтік кәсіпкерлерге, Алматы индустриялық аймағы мен шағын өнеркәсіп парктерінің резиденттеріне ұсынылады.
Сондай-ақ бұл мөлшерлеме шағын өнеркәсіп парктерін салу, жәрмеңкелер, гастрокөшелер, креативті хабтар мен коворкинг орталықтарын ашу, креативті индустрияны дамыту және инновациялық бизнеске арналған инфрақұрылым құру жобаларына да қолданылады.
Ал 9% мөлшерлемемен (ЖТСМ – 9,5%-дан 9,9%-ға дейін) шағын және орта бизнестің өзге жобалары қаржыландырылады.
Жеңілдетілген несие өндіріс, өңдеу өнеркәсібі, туризм, уақытша орналастыру қызметтері, креативті және IT-индустрия, мектепке дейінгі білім беру сияқты бағдарламада айқындалған басым салаларда жұмыс істейтін кәсіпкерлерге қолжетімді.
Бұдан бөлек, гастрокөшелерді дамыту, Алматы тау кластерін өркендету, бірегей тұжырымдамасы бар қоғамдық тамақтану орындарын, оның ішінде ұлттық тағам ұсынатын мейрамханаларды ашу жобалары да бағдарламаға енгізілген.
Бағдарламаға қатысудың негізгі талаптарының бірі – кәсіпкерлік қызметтің Алматы қаласының аумағында жүзеге асырылуы.
Жеңілдетілген несиелеу шарттары туралы толық ақпаратты +7 (727) 390-80-42 телефоны арқылы немесе mfoalmaty.kz сайтынан білуге болады.