1555

«Қазақтелекомның» екі қызметкері екі күн ішінде жұмыс барысында қаза тапты

Жұмыс кезінде мерт болған «Қазақтелеком» қызметкерлеріне қатысты тергеу жүріп жатыр.

«Қазақтелекомның» екі қызметкері екі күн ішінде жұмыс барысында қаза тапты
Қазақтелеком

SMARTNEWS.KZ басылымының хабарлауынша, Жамбыл және Қостанай облыстарында байланыс нысандарында жұмыс жүргізу кезінде «Қазақтелеком» АҚ-ның екі қызметкері қаза тапты. Қайғылы оқиғалар бір күн аралықпен – 4 және 5 тамызда болған.

Компанияның мәліметінше, алғашқы қайғылы жағдай Жамбыл облысының Аса ауылында болған. Байланыс бағанын кран-манипулятордың көмегімен ауыстыру кезінде арнайы техника электр жеткізу желісіне тиіп кеткен. Соның салдарынан қызметкерді электр тогы соғып, оқиға орнында көз жұмған.

Келесі күні Қостанай облысының Әулиекөл ауданында тағы бір жазатайым оқиға тіркелді. Ескі байланыс бағандарын бөлшектеу кезінде кран-манипулятордың ілгегі үзіліп кеткен. Құлаған бағана электрмонтерге ауыр зақым келтіріп, ол қаза болған.

«Қазақтелеком» екі оқиға бойынша да уәкілетті мемлекеттік органдардың қатысуымен тергеу жүргізіліп жатқанын және компания барлық мән-жайды анықтауға толық қолдау көрсетіп отырғанын мәлімдеді.

Компания бұл қайғылы жағдайлардың ұжым үшін орны толмас ауыр қаза екенін атап өтті. Сондай-ақ оқиғалардың себептері жан-жақты сараланып, өндірістік қауіпсіздік талаптары мен бақылау шаралары күшейтілетіні хабарланды.

Бұдан бөлек, қаза болған қызметкерлердің отбасыларына қажетті көмек пен қолдау көрсетілетіні айтылды.

Материал авторы

Аиса Махамбет
Аиса Махамбет Редактор