1554

«Қария қылмыстық жауапкершілікке тартылған»: Айгүл Орынбек жылқышының ісіндегі басты мәселені атады

Эмоциямен емес, ақиқатпен қарау керек дейді заңгер.

«Қария қылмыстық жауапкершілікке тартылған»: Айгүл Орынбек жылқышының ісіндегі басты мәселені атады
әлеуметтік желіден

SMARTNEWS.KZ басылымының хабарлауынша, заңгер Айгүл Орынбек Ақтөбе облысында қоғам талқысына түскен жылқышы Рахат Сәрсеновтің ісіне қатысты пікір білдірді. Ол қарияның апелляциялық сот арқылы толық ақталмағанын, тек амнистия негізінде және шартты түрде босатылғанын айтты.

Айгүл Орынбек әлеуметтік желідегі парақшасында Рахат Сәрсенов туралы пікір білдірмес бұрын істің толық материалдарын зерттегенін жазды. Оның айтуынша, қоғамда тараған видео көпшіліктің ашу-ызасын тудырғанымен, құқықтық бағаны эмоцияға сүйеніп беруге болмайды.

«Ақтөбе облысындағы қарияның видеосын көріп, жыламаған да, ашуланбаған да адам аз шығар. Мен де сол видеоны көріп, қатты әсер алдым. Бірақ істің толық құжаттарын зерттемей тұрып пікір білдіруге асықпадым. Себебі оқырмандар алдындағы жауапкершілік бар», – деді заңгер.

Оның сөзінше, Рахат Сәрсенов сот шешімімен толық ақталған адам емес.

«Қария апелляция арқылы толық ақталмаған. Ол шартты түрде және амнистиямен ғана босатылған. Яғни, ол қылмыстық жауапкершілікке тартылған адам», – деп жазды Айгүл Орынбек.

Заңгерді бұл оқиғада ең қатты алаңдатқан мәселе – қарт адамның денсаулығы сыр бергенше ауыр жұмыста жүргені. Оның айтуынша, пайғамбар жасына келген әкенің жылдар бойы мал соңында жүруі қоғамдағы үлкен проблемаларды көрсетеді.

Айгүл Орынбек бұл жағдайды бір ғана адамға қатысты мәселе ретінде қарастыруға болмайтынын атап өтті. Оның пікірінше, қоғамда еңбек етіп жүрген, бірақ құқығы мен жағдайы ескерілмейтін көптеген адамдар бар.

«Бұл жерде біреуді қаралау немесе табалау емес, ақиқатты айту маңызды. Бай болсын, кедей болсын, үнсіз жүретін, еңбегін пайдалануға болатын, сұрауы жоқ адам керек деген түсінік қалыптаспауы тиіс», – деді заңгер.

Сондай-ақ ол кәсіпкерді жазалауға немесе оған қарсы әрекет жасауға шақырып жүрген адамдарға үндеу жасады. Айгүл Орынбектің пікірінше, мәселені шешудің жолы – біреуді кінәлау емес, осындай жағдайлардың қайталануына жол бермейтін жүйе қалыптастыру.

Заңгер халықты кез келген оқиғаға қатысты толық ақпаратты анықтамай тұрып, асығыс қорытынды жасап, үкім шығармауға шақырды. Оның айтуынша, бұл жағдай қоғам үшін үлкен сабақ болуы керек. 

Материал авторы

Аиса Махамбет
Аиса Махамбет Редактор