740

1310-нан 1600 балға дейін: астаналық оқушы SAT емтиханынан ең жоғары нәтиже көрсетті

Нұрқанат Әли енді Нью-Йорк университетінде білім алып, болашақта жеке технологиялық стартап ашуды жоспарлап отыр.

1310-нан 1600 балға дейін: астаналық оқушы SAT емтиханынан ең жоғары нәтиже көрсетті

Астаналық 10-сынып оқушысы Нұрқанат Әли халықаралық SAT емтиханынан ең жоғары көрсеткішке қол жеткізді. 16 жастағы талапкер сынақтан 1600 балл жинап, әлемнің жетекші университеттеріне түсуге мүмкіндік беретін нәтижеге ие болды.

Жас оқушы енді Нью-Йорк университетіне түсіп, IT саласын меңгеруді және болашақта жеке технологиялық стартапын құруды жоспарлап отыр.

Нұрқанат SAT емтиханын алғашында үлкен сынақ ретінде қабылдап, нәтижесі туралы көп адамға айтпаған. Ол тіпті тест қорытындысын мұғалімі мен қарындасынан басқа ешкім білмегенін жеткізді.

«Нәтижені қарындасыммен бірге аштым. Сайт төрт сағатқа жуық жүктелді. Экранда 1600 балл шыққан кезде, қарындасым қатты қуанып, мені құттықтады. Бұл екеуіміз үшін ерекше сәт болды», – дейді ол.

Оқушының айтуынша, оны дайындаған мұғалімі де бастапқыда бұл нәтижеге сенбеген. Ұстазы Нұрқанат 1500-ден жоғары балл жинайды деп күткен, алайда ең жоғары көрсеткішке жетеді деп ойламаған.

Кейін бұл жаңалықты ата-анасы да білген. Олар ұлының шетелде білім алу жоспарын толық қолдайды. Нұрқанат – алты балалы отбасындағы үлкен бала.

Бұған дейін ол IELTS емтиханынан да жоғары нәтиже көрсетіп, 7,5 балл жинаған. Осы жетістіктері оған халықаралық білім беру мүмкіндіктерін кеңейтті.

Жас талапкер болашақта алған білімін Қазақстандағы технологиялық мәселелерді шешуге пайдаланғысы келеді.

«Бала кезімнен IT саласына қызығамын. Қазақстандағы мықты IT мамандарының бірі саналатын жездем бар. Мен оның жолын қуып, қосымшалар әзірлеп, өз жобаларымды жүзеге асырып, стартап ашқым келеді», – деді Нұрқанат.

Оқушының айтуынша, мұндай нәтиже бір күнде келген жоқ. SAT бойынша алғашқы көрсеткіші 1310 балл болған. Алайда төрт айдың ішінде ол нәтижесін 1600 балға дейін көтерген.

Нұрқанаттың дайындығына Smartest Prep білім беру орталығының мамандары көмектескен. Аталған орталық оқушыларды шетелдік университеттерге түсуге, халықаралық емтихандарға дайындалуға және оқу стратегиясын құруға бағыттайды.

Smartest Prep негізін қалаған EdTech-кәсіпкер Лаура Вайгорова SAT-тен мұндай нәтиже үлкен еңбектің нәтижесі екенін атап өтті.

«SAT емтиханынан мұндай көрсеткішке кездейсоқ жету мүмкін емес. Оның артында ұзақ дайындық, тәртіп және үлкен еңбек жатыр. Осындай жетістіктер Қазақстанда әлемнің үздік оқушыларымен тең дәрежеде бәсекеге түсе алатын жастардың өсіп келе жатқанын көрсетеді», – деді ол.

Нұрқанат өзінің дайындық тәсілімен де бөлісті. Оның айтуынша, басты факторлардың бірі – пәнге деген қызығушылық.

Ол кешкі уақытта және түнде де дайындалып, арнайы платформада тапсырмалар орындаған, қателерін талдап отырған.

«Дайындық мен үшін ауыр жұмыс болған жоқ. Керісінше, тапсырмаларды орындау қызықты болды. Маған қызығушылық пен құлшыныс көмектесті», – дейді оқушы.

Білімнен бөлек, Нұрқанат спортта да жетістікке жеткен. Ол бразилиялық джиу-джитсу мен грэпплингтен Қазақстанның үш дүркін чемпионы, сондай-ақ әлем чемпионатының жүлдегері.

Жас талапкер өзінің жолы әрдайым жеңістерден тұрмағанын да жасырмайды. Бұған дейін әлем чемпионатында бірінші орын ала алмағанын және Назарбаев зияткерлік мектебіне түспегенін айтты.

Алайда SAT-тегі рекордтық нәтиже оған жаңа мотивация берген.

«Бұрын көп нәрсе ойдағыдай бола бермейтін. Ал бұл жолы үлкен нәтиже көрсете алдым. Бұл маған алға қарай ұмтылуға күш берді», – деді Нұрқанат.

16 жастағы оқушының алдында енді шетелдік университеттерге түсу кезеңі тұр. Оның жетістігі табандылық пен білімге деген қызығушылықтың үлкен мақсаттарға жеткізе алатынын көрсетіп отыр.