16 мың адам бір күнде: Comic Con Astana бұрын-соңды болмаған көрсеткішке жетті
Әлемдік кино жұлдыздары, косплейерлер мен блогерлердің қатысуы фестивальге ерекше серпін берді.
Comic Con Astana 2026 халықаралық фестивалі алғашқы күннен-ақ келушілер саны бойынша жаңа тарихи рекорд орнатты. Ұйымдастырушылардың мәліметінше, фестивальдің бірінші күніне шамамен 16 мың адам келген. Бұл – Comic Con Astana тарихындағы алғашқы күн үшін тіркелген ең жоғары көрсеткіш.
Фестиваль алаңдарында таңертеңнен бастап қызу атмосфера қалыптасты. Бір мезгілде негізгі сахна, тақырыптық аймақтар, ойын және интерактивті алаңдар жұмыс істеді. Қонақтар концерттерді тамашалап, би шоуларына қатысып, арнайы шақырылған жұлдыздармен кездесіп, түрлі байқаулар мен таныстырылымдарды көрді.

Фестивальдің басты хедлайнерлері ретінде әлемге танымал актерлер Николай Костер-Вальдау, Пол Андерсон, Иньяки Годой және Таз Скайлар келді. Алғашқы күні Николай Костер-Вальдаудың қатысуымен баспасөз мәслихаты мен қолтаңба тарату рәсімі ұйымдастырылып, оған жүздеген жанкүйер жиналды.
Актер журналистермен кездесуде Астанаға алғаш рет келгенін айтып, фестивальдің ауқымына, қала тұрғындарының қонақжайлығы мен жылы қабылдауына тәнті болғанын жеткізді. Әзіл ретінде бір күннің ішінде соңғы бірнеше жылда жегенінен де көп ет тағамдарының дәмін татқанын айтты. Сондай-ақ ол қазақтың дәстүрлі моншасына барып, «Бәйтерек» монументіне көтеріліп, тілек тілегенін бөлісті.

Comic Con Astana-ның құрметті қонақтары қатарында әлемге әйгілі косплейерлер Kamui Cosplay, Leon Chiro және Elizabeth Rage болды. Сонымен бірге фестивальге келгендер SuperCrastan (Даня Крастер), Jane Kravitz, Karrambaby, Dobryak, Dalbek, FixEye, Nowkie, Егор Шкред, Кирилл Соеров, Domer Grief және Ten Yujin секілді танымал блогерлермен жүздесуге мүмкіндік алды.
Келушілердің ерекше қызығушылығын ойын аймақтары тудырды. Онда қонақтар жаңа ойындарды сынап көріп, заманауи технологиялармен танысып, шеберлік сабақтарына қатысып, фестиваль жәрмеңкесінен тақырыптық өнімдерді сатып алды.

Алғашқы күннің ең жарқын оқиғаларының бірі дәстүрлі косплей байқауы болды. Қатысушылар фильмдер, сериалдар, аниме, комикстер мен бейнеойын кейіпкерлерінің бейнесін сомдап, өз қолдарымен әзірлеген күрделі костюмдерін көпшілік назарына ұсынды.
Биылғы Comic Con Astana әлемнің 20-дан астам елінен келген туристерді, қатысушыларды және арнайы қонақтарды жинады. Фестиваль 9 тамызға дейін жалғасады. Алдағы күндері келушілерді әлемдік кино жұлдыздарымен кездесулер, қолтаңба сессиялары, жаңа шоу-бағдарламалар, байқаулар және басқа да көптеген іс-шаралар күтіп тұр.