1381

Фельдшер Ұлдана Мырзуанның қазасына қатысты іс сотқа жетті

Елді есеңгіреткен қайғылы оқиғаға қатысты сот процесі басталуға жақын.

Фельдшер Ұлдана Мырзуанның қазасына қатысты іс сотқа жетті
instagram.com/rustemova_aliya

SMARTNEWS.KZ басылымының хабарлауынша, Астанада қызметтік міндетін атқару кезінде қаза тапқан 23 жастағы фельдшер Ұлдана Мырзуанның өліміне қатысты қылмыстық іс сотқа жолданды. Бұл туралы Kazinform агенттігі жазды.

Елордалық Полиция департаментінің мәліметінше, Ұлдана Мырзуанның қаза болуына байланысты қозғалған қылмыстық іс бойынша сотқа дейінгі тергеу толық аяқталған.

«Азамат Ұлдана Мырзуанның қаза болуына қатысты сотқа дейінгі тергеу аяқталып, қылмыстық іс сотқа жіберілді», – деп мәлімдеген Астана қаласы ПД бастығының бірінші орынбасары Әбіл Әбілдин.

Ал Астана қалалық сотының баспасөз қызметі алғашқы сот отырысының күні әзірге белгіленбегенін хабарлады.

Еске салсақ, 2025 жылғы 8 қарашада Астанада тоғыз қабатты тұрғын үйдің қасбетіндегі кірпіш қаптамасы мен кондиционер құлап, бірнеше адам үйінді астында қалған болатын. Құтқарушылар зардап шеккендерді шығарып, жедел жәрдем қызметкерлеріне тапсырған.

Оқиға кезінде адамдарды құтқаруға ұмтылған фельдшер Ұлдана Мырзуанның басына тоғызыншы қабаттан кондиционер құлап, ол ауыр жарақат алды. Дәрігерлер оған бассүйекке трепанация жасап, өмірі үшін күрескенімен, 18 қараша күні оның көз жұмғаны белгілі болды.

Кейін Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев қаза тапқан фельдшерді «Ерлігі үшін» медалімен марапаттады.

Марқұмның жұбайы Әділет Зейнел сол кезде кінәлілердің заң алдында жауап беруі үшін әділ тергеу жүргізілуіне күш салатынын мәлімдеген еді.

Материал авторы