1312

Ақтаулық блогер Дағыстаннан жаппай кибершабуыл жасалғанын мәлімдеді

Дағыстандық қолданушылар әлеуметтік желіні балағат пікірге толтырған көрінеді.

Ақтаулық блогер Дағыстаннан жаппай кибершабуыл жасалғанын мәлімдеді
instagram.com/azamat_sarsenbayev

SMARTNEWS.KZ басылымының хабарлауынша, ақтаулық блогер Азамат Сәрсенбаев әлеуметтік желідегі парақшаларына Ресейдің Дағыстан өңірінен жаппай жағымсыз пікірлер жазылып жатқанын мәлімдеді. Оның айтуынша, мұндай шабуыл Түркістан облысындағы тойда болған дау-дамайға қатысты жариялаған жазбасынан кейін басталған. Бұл туралы NewTimes.kz басылымы жазды.

Дауға Жетісайдағы тойдан тараған бейне себеп болған. Кадрларда қалыңдықтың 66 жастағы туысы музыкадан бас тартуға үндеп, өнер адамдарын «шайтанның жаршылары» деп атап, ерлер мен әйелдерді бөлек отырғызуды ұсынған.

Азамат Сәрсенбаев бұл мәлімдемені сынға алып, діни ұстаным әр адамның жеке таңдауы екенін, алайда оны өзгелерге күштеп таңуға болмайтынын айтты. Сондай-ақ ол Қазақстанның зайырлы мемлекет екенін еске салды.

Осыдан кейін пікірталасқа Дағыстаннан шыққан діни блогер Хабибулла Магомедов араласқан. Ол тойдағы қарияның сөзін қолдап, Қазақстан қоғамы «құлдырау жолына түсті» әрі елде атеистер көбейіп бара жатыр деген пікір білдірген.

Сәрсенбаевтың айтуынша, осы оқиғадан кейін оның әлеуметтік желідегі парақшаларына Дағыстаннан жазылған балағат және қорлау сипатындағы пікірлер жаппай түсе бастаған.

Еске салайық, бұған дейін Жетісайдағы даулы сөз сөйлеген азаматқа қатысты қылмыстық іс қозғалғаны хабарланған болатын.

Материал авторы

Азиз Қалижан
Азиз Қалижан Редактор