1691

Comic Con Astana 2026: Николай Костер-Вальдау Қазақстанға тәнті болды

Джейме Ланнистер рөлін сомдаған танымал актер Қазақстан туралы ерекше пікір айтты.

Comic Con Astana 2026: Николай Костер-Вальдау Қазақстанға тәнті болды
Comic Con Astana

Comic Con Astana 2026 халықаралық фестивалінің басты қонағы, әлемге «Тақтар таласы» (Game of Thrones) сериалындағы Джейме Ланнистер рөлі арқылы танылған даниялық актер Николай Костер-Вальдау Астанада өткен баспасөз мәслихатында Қазақстан туралы ерекше пікір білдірді.

Актердің айтуынша, егер Қазақстанды әйгілі сериалдың әлеміне орналастырса, еліміз екі алпауыт күштің арасындағы дипломатиялық аумақтың рөлін атқарар еді.

«Тақтар таласы өлшемімен қарасақ, Қазақстан қазірдің өзінде екі қуатты көршінің ортасында орналасқан. Сериалда ол Ланнистерлер мен дотракийлердің арасында орналасқан, екі тарап та сенетін дипломатиялық ел болар еді», – деді актер.

«Қазақстанға тағы да келуді тіледім»

Николай Костер-Вальдау Қазақстанға алғаш рет келгенін айтып, елордада өткізген аз ғана уақыттың өзінде қазақтың қонақжайлығына тәнті болғанын жеткізді.

Әзіл ретінде ол соңғы бірнеше жылда жегенінен де көп ет тағамдарының дәмін дәл осы сапар барысында татқанын айтты.

Сондай-ақ актер «Бәйтерек» монументіне көтеріліп, әйгілі «алтын алақанға» қолын қойып, тілек тілегенін әңгімеледі.

«Тілекті айтуға болмайды ғой... Бірақ бір нәрсені мойындаймын: Қазақстанға тағы бір рет оралуды тіледім», – деді ол.

Костер-Вальдау қазақстандық киномен жақынырақ танысқысы келетінін айтып, Маңғыстау өңірінің табиғаты ерекше әсер қалдырғанын да атап өтті.

Comic Con Astana әлемдік жұлдыздарды жинады

Биыл Comic Con Astana бағдарламасына жүздеген іс-шара енгізілген. Фестиваль бірден екі алаңда – Barys Arenaмен «Алау» мұз сарайында өтіп жатыр.

Төрт күн бойы қонақтарды әлемдік кино жұлдыздарымен кездесулер, жүлде қоры 20 миллион теңге болатын халықаралық косплей байқауы, концерттер, K-pop қойылымдары, ойын турнирлері және түрлі шеберлік сабақтары күтеді.

Фестивальдің басты қонақтарының қатарында:

  • Николай Костер-Вальдау;

  • Пол Андерсон («Peaky Blinders» сериалындағы Артур Шелби);

  • Иньяки Годой;

  • Таз Скайлар (One Piece сериалының жұлдыздары).

Сонымен қатар фестивальге ондаған танымал блогерлер, суретшілер, косплейерлер мен контент жасаушылар қатысып жатыр.

Қазақстанның халықаралық мәдени брендіне айналған фестиваль

Comic Con Astana 2026 фестивалі 6–9 тамыз аралығында өтеді. Ол кино, сериал, комикс, анимация, бейнеойын және косплей жанкүйерлерін бір алаңға жинайтын Орталық Азиядағы ең ірі поп-мәдениет фестивалі саналады.

Өткен жылдары фестивальге Мадс Миккельсен, Энди Серкис, Пилу Асбек, Скотт Эдкинс, Эсай Моралес, Майкл Рукер, Шон Ганн, Перси Хайнс Уайт және Александр Кузнецов секілді әлемдік жұлдыздар қатысқан.

Ұйымдастырушылардың айтуынша, Comic Con Astana бүгінде Қазақстанның халықаралық имиджін нығайтып, туризмнің, креативті индустрияның және жастар бастамаларының дамуына елеулі үлес қосып келеді.