Нұрай Серікбайдың отбасы сотталушыдан 10 млрд теңге өндіруді талап етті
Марқұмның туыстары жерлеу рәсімдері мен сот процестеріне кеткен шығынды да толық өтетуді талап етті.
SMARTNEWS.KZ басылымының хабарлауынша, Шымкентте 21 жастағы Нұрай Серікбайдың өліміне қатысты қылмыстық іс бойынша сот отырысы жалғасып жатыр. Кезекті отырыста жәбірленуші тараптың өкілі Аянхан Омаров сотталушы Шерхан Аймаханға қойылған азаматтық талаптың көлемін жариялады.
Адвокаттың мәліметінше, қыздың қазасынан кейін оның отбасы жерлеу рәсімдерін ұйымдастыруға, діни жоралғылар өткізуге, қырқын беруге, құлпытас орнатуға, сондай-ақ тергеу амалдары мен сот отырыстарына қатысу үшін жол шығындарына қомақты қаражат жұмсаған.
Жәбірленуші тарап ұсынған құжаттарға сәйкес, материалдық шығын көлемі 14 млн 739 мың теңгені құрайды.
Бұдан бөлек, отбасы соттан 10 млрд теңге көлемінде моральдық шығынды өтеуді талап етті.
Аянхан Омаровтың сөзінше, Нұрай отбасының жалғыз қызы болған. Оның ата-анасы жалғыз перзентінен, ал ағалары туған қарындасынан айырылған.
«Ата-анасы ерекше мейіріммен тәрбиелеген жалғыз қызынан айырылды. Ағалары сүйікті қарындасынан көз жазды. Баласынан айырылған ата-ананың қайғысы өмір бойы бірге жүреді және оны ешқандай материалдық игілік өтей алмайды. Айыпталушы Аймахан Нұрайды некеге тұруға мәжбүрлеген. Ешқандай ақша Нұрайды қайтара алмайды және отбасының орны толмас қайғысын жеңілдете алмайды», – деді адвокат.
Осыған байланысты жәбірленуші тарап соттан Шерхан Аймаханнан 10 млрд теңге моральдық өтемақы мен 14 млн 739 мың теңге материалдық шығынды өндіріп беруді сұрады.
Материал авторы