Көкшетауда зейнеткер орындықта ұмыт қалған 3,4 млн теңгелік сөмкені иемденіп кеткен
Полиция бейнебақылау камералары арқылы сөмкені алып кеткен әйелдің кім екенін анықтады.
SMARTNEWS.KZ басылымының хабарлауынша, Көкшетауда әйел адам үй ауласындағы орындықта ұмыт қалған сөмкені алып кеткен. Оның ішінде алтын бұйымдар, телефон, қолсағат және басқа да жеке заттар болған. Мүліктің жалпы құны 3 млн 470 мың теңгеніқұрады. Бұл туралы Polisia.kz жазды.
Оқиға бойынша полицияға Көкшетау қаласының 70 жастағы тұрғыны жүгінген. Оның айтуынша, Абылай хан даңғылы бойындағы үйдің ауласында демалып отырған кезде сөмкесін орындықта ұмытып кеткен. Біраз уақыттан соң қайтып келгенде, сөмке орнында болмаған.
Осы факті бойынша полиция сотқа дейінгі тергеуді бастады.
Тергеу барысында тәртіп сақшылары жедел басқару орталығының, сондай-ақ жақын маңдағы тұрғын үйлер, сауда нысандары мен басқа да ғимараттарға орнатылған бейнебақылау камераларының жазбаларын зерттеген.
Камералардағы жазбаларды талдау нәтижесінде полицейлер сөмке иесі кеткеннен кейінгі оқиғалардың ретін анықтап, бөтен мүлікті алып кеткен әйелді тапқан.
Полиция мәліметінше, күдікті қараусыз қалған сөмкені байқап, біраз уақыт оның иесін күткен. Алайда әйел қайтып келмеген соң, сөмкені алып кеткен. Ол табылған зат туралы полицияға хабарламаған.
Күдіктінің айтуынша, үйіне бара жатқан жолда сөмкені лақтырып жіберіп, ішіндегі телефонды, қолсағатты және алтын бұйымдарды өзінде қалдырған.
Келесі күні қаржылық қиындыққа тап болған әйел алтын сақиналардың бірін ломбардқа өткізіп, ол үшін 150 мың теңге алған. Полицияның мәліметінше, бұл ақшаны ол азық-түлік пен дәрі-дәрмек сатып алуға жұмсаған.
Қазір қылмыстық іс бойынша қажетті тергеу амалдары жүргізіліп жатыр.
Материал авторы