Украина КҚК маңындағы мұнай танкерлеріне енді шабуыл жасамауға уәде берді – БАҚ
Қазақстан мұнайы үшін маңызды КҚК маңындағы шабуылдар тоқтайтыны туралы ақпарат тарады.
SMARTNEWS.KZ басылымының хабарлауынша, Украина Қазақстан мұнайын экспорттау үшін стратегиялық маңызы бар Каспий құбыр консорциумы (КҚК) нысандары орналасқан аумақтағы мұнай танкерлеріне бұдан былай шабуыл жасамауға келіскен. Бұл туралы РБК жазды.
РБК мәліметінше, АҚШ билігінің өкілдері Украина басшылығымен кездесіп, КҚК теңіз терминалы маңындағы кемелерге жасалған бірқатар шабуыл мәселесін талқылаған. Ақпаратты Bloomberg дерегіне сүйенген америкалық шенеунік жеткізген.
Оның айтуынша, АҚШ Украина тарапын Қазақстан мұнайын экспорттау үшін маңызды Қара теңіздегі мұнай танкерлері мен инфрақұрылым нысандарына шабуыл жасамауға көндіре алған.
Басылымның жазуынша, Киев кеме иелері ақпарат алмасып, Қара теңіз арқылы қауіпсіз өтуіне мүмкіндік беретін арнайы байланыс арналары да құрған.
КҚК – Қазақстан мұнайын әлемдік нарыққа шығаруда шешуші рөл атқаратын инфрақұрылым. Сондықтан консорциумның теңіз терминалы маңындағы кез келген қауіп Қазақстанның мұнай экспортына тікелей әсер етуі мүмкін.
КҚК маңындағы соңғы шабуыл
Еске салайық, КҚК терминалы маңындағы соңғы шабуыл 30 шілдеде болған. Каспий құбыр консорциумы өзінің ресми мәлімдемесінде теңіз терминалының акваториясында мұнай танкеріне соққы жасалғанын хабарлап, оқиғаны «террористік акт» деп атаған.
Шабуылдан Маршалл аралдарының туы астында жүзген Niffos Sifnos танкері зардап шеккен. Кеме сол кезде мұнай тиеуге арналған теңіздегі терминалдық құрылғыда тұрған.
Танкердің жүк жөнелтушісі «Теңізшевройл» ЖШС болған. Компанияның құрамында «Chevron» және қазақстандық тарап бар.
Оқиғаға кейін Қазақстан Энергетика министрлігі де түсініктеме берген.
Егер АҚШ тарапы жеткізген ақпарат расталып, Украина КҚК маңындағы танкерлер мен мұнай инфрақұрылымына шабуыл жасауды тоқтатса, бұл Қазақстанның мұнай экспорты үшін маңызды қауіпсіздік мәселелерінің бірі бойынша ахуалды тұрақтандыруы мүмкін.
Материал авторы