Тенгрида техноаренаға шықты: Comic Con Astana-да жаңа қазақстандық арт-фильм көрсетілді

Үш минуттық AI-анимациялық эпизод көрерменді қазақ мәдениеті мен футуристік технологиялар тоғысқан жаңа әлемге жетелейді.

Тенгрида техноаренаға шықты: Comic Con Astana-да жаңа қазақстандық арт-фильм көрсетілді
Comic Con Astana

Comic Con Astana 2026 халықаралық фестивалінде қазақтың көшпелі мәдениеті мен футуристік эстетиканы ұштастырған қазақстандық Tengrida: Cyber Steppe арт-фильмі таныстырылды.

Жоба киберпанк элементтері, жасанды интеллект технологиялары және Ұлы дала мәдениетіне заманауи көзқарасты біріктіреді. Фестиваль барысында көрермендерге алғаш рет фильмнің үш минуттық AI-анимациялық эпизоды — V акт «Арена» көрсетілді.

Оқиғаның басты кейіпкері — Тенгрида есімді жас қыз. Болашақта технология адам жадын біртіндеп ығыстырып, шындықтың өзі кедергі саналатын қоғам қалыптасады. Қатыгез жекпе-жектер көпшіліктің ермегіне айналған кибераренада Тенгрида Қанжар есімді мықты жауынгермен бетпе-бет келеді.

Алайда кейіпкердің мақсаты қарсыласын жеңу емес. Ол адамдардың шындықты қайта қабылдауына жол ашып, нағыз күштің кек алуда емес, әділдікті қалпына келтіруде екенін көрсетуге ұмтылады. Жобаның негізгі идеясы «Ақиқат пен әділдік — егіз» деген тұжырым арқылы берілген.

Тенгрида кейіпкерінің авторы — Алматыдан шыққан, Aruvibez лақап атымен танымал косплеер Аружан Жунусова. Ол 2025 жылы Comic Con Astana фестивалінде Тенгриданың авторлық образын алғаш рет таныстырған. Қазақтың ұлттық нақышы мен футуристік эстетиканы біріктірген бұл образ көпшіліктің назарын аударып, кейін жеке шығармашылық жобаның негізіне айналған.

Аружан Жунусованың айтуынша, Тенгрида идеясын жасауға шығармашылық шабытты міндетті түрде өзге мәдениеттерден іздеудің қажеті жоқ деген ой түрткі болған. Бастапқыда байқауға арналған образ кейін жеке арт-жобаға ұласқан.

«Біздің фильм — қазақтың көшпелі мәдениеті мен эстетикасынан нәр алған авторлық фантастика. Бұл тәңіршілдікті діни немесе рухани дәстүр ретінде баяндайтын туынды емес. Тенгрида — кейіпкердің есімі. Ал жобаның өзі — арт-фильм. Біз сенімді емес, мәдениетті негізге аламыз», — дейді жоба авторлары.

Фильмді Аружан Жунусовамен бірге жетекші режиссер Әлішер Советкан, режиссер Камила Макат, продюсер Руслан Жемков және бірлескен продюсер Ержан Жунусов әзірлеген.

Авторлар туындыны жасау барысында жасанды интеллект технологияларын да пайдаланған. AI көркем бейнелерді қалыптастыру құралдарының бірі ретінде қолданылып, дәстүрлі мәдени сарындарды ғылыми фантастика эстетикасымен үйлестіруге мүмкіндік берген.

Comic Con Astana-да көрсетілген эпизодтың соңы әдейі ашық қалдырылған. Бұл авторларға Tengrida әлемін әрі қарай кеңейтуге мүмкіндік береді.

Жобаның келесі кезеңі — 2026 жылғы 28 қыркүйек пен 1 қазан аралығында Астанада өтетін Astana AI Film Festival фестиваліне қатысу. Аталған шара кино, анимация және жасанды интеллект технологияларын ұштастырып жүрген авторлардың басын қоспақ.

Айта кетейік, Comic Con Astana 2026 фестивалі 6–9 тамыз аралығында елордада өтуде. Фестиваль аясында кино, сериал, комикс, анимация, видеойын және косплей жанкүйерлері бас қосып жатыр.

Tengrida: Cyber Steppe жобасының таныстырылымы Comic Con Astana бағдарламасындағы арнайы оқиғалардың біріне айналды. Жоба фестивальдің әлемдік поп-мәдениет өкілдерімен кездесетін алаң ғана емес, халықаралық аудиторияға бағытталған жаңа қазақстандық шығармашылық жобалар таныстырылатын орынға айналып келе жатқанын көрсетті.