БҚО-да автобус жол үстінде өртеніп кетті: ішінде балалар болған
Тасжолда өртенген автобустан жолаушылар сөмкелерін алып сыртқа қашқан.
SMARTNEWS.KZ басылымының хабарлауынша, 8 тамыз кешке Батыс Қазақстан облысының Теректі ауданында Самара – Шымкент тасжолында жолаушылар автобусы өртенді. Оқиға орны түсірілген видео әлеуметтік желі мен мессенджерлерде тарады. Кадрларда жалынға оранған автобустан жолаушылардың сөмкелерін алып шығып жатқаны, олардың арасында балалар да болғаны көрінеді.
Өрт Шалқар көліне бұрылатын жол маңында болған. Сол сәтте автобустың ішінде 37 жолаушы болған. Төтенше жағдай кезінде олардың барлығы өздігінен сыртқа шығып, қауіпсіз жерге эвакуацияланған.
Құтқарушылардың мәліметінше, оқиға салдарынан қаза тапқандар мен зардап шеккендер жоқ.
«8 тамыз кешке жедел кезекшінің пультіне Теректі ауданындағы Самара – Шымкент тасжолында, Шалқар көліне бұрылатын жерде автобус өртенгені туралы хабар түсті. Салонда 37 жолаушы болған, олар өздігінен эвакуацияланды. Қаза тапқандар мен зардап шеккендер жоқ», – деп хабарлады БҚО ТЖД.
Өрт толық сөндірілді. Оқиға орнына Төтенше жағдайлар департаментінің 8 қызметкері мен 2 техникасыжұмылдырылды.
Материал авторы