774

Қайсар Қамза ісі: тағы бір блогерге халықаралық іздеу жарияланды

Іздеудегі Хикматов әлеуметтік желідегі көрсеткіштеріне қарай блогерлердің жарнама құнын анықтап отырған.

Қайсар Қамза ісі: тағы бір блогерге халықаралық іздеу жарияланды
бейнежазбадан

SMARTNEWS.KZ басылымының хабарлауынша, Қазақстанда заңсыз онлайн-казиноны жарнамалауға қатысты іс бойынша тағы бір блогер халықаралық іздеуге жарияланды. Қаржылық мониторинг агенттігі Өзбекстан азаматы, Маха.dxb лақап атымен танымал Махмуд Хикматовты іздеп жатыр. Бұл туралы Қаржылық мониторинг агенттігінің баспасөз қызметі хабарлады.

ҚМА мәліметінше, 2000 жылы туған Махмуд Умидұлы Хикматовқа қатысты сот қамауда ұстау түріндегі бұлтартпау шарасын санкциялаған. Ол «SultanGames», «PINCO», «Nomadcasino», «Pin-Up», «Vavada» және басқа да заңсыз интернет-казиноларды жарнамалауға қатысы бар деп күдікке ілінген.

Тергеу нұсқасы бойынша, Қазақстан аумағында заңсыз онлайн-казинолардың интерфейсін ұсыну, ақша қабылдау және төлем жасау, оның ішінде эквайринг, мобильді коммерция мен криптовалюта арқылы операция жүргізу, сондай-ақ ойыншыларды тартуға бағытталған жарнама тарату схемасы жұмыс істеген.

ҚМА мәліметінше, осы жүйені ілгерілету үшін Хикматов блогерлерді тарту міндетін атқарған. Ол Қазақстанда жұмыс істейтін инфлюенсерлерді заңсыз казино жарнамасына қатыстырумен айналысқан.

Блогерлерден әлеуметтік желілеріндегі аудитория туралы статистикалық мәліметтерді, оның ішінде жазылушылардың демографиясы мен географиясын және қамту көрсеткіштерін сұратқан. Осы деректер негізінде жарнаманың құны анықталған. Агенттік Хикматовтың барлығы 35-тен астам блогерді тартқанын, олардың арасында Қайсар Қамзаның да болғанын мәлімдеді.

Тергеу дерегіне сәйкес, миллиондаған аудиториясы бар Қайсар Қамза Қазақстан азаматтарын тыйым салынған құмар ойындарға тарту үшін интернет-казиноларға апаратын сілтемелер жариялап, әрбір пайдаланушының өтуі үшін сыйақы алған.

Қайсар Қамза 6 тамызда Вьетнамнан Қазақстанға экстрадицияланған. Оған да заңсыз ойын бизнесін ұйымдастыруға жәрдемдесті деген күдік келтіріліп отыр.

Қаржылық мониторинг агенттігі Махмуд Хикматовтың қай жерде жүргені туралы қандай да бір ақпарат білетін азаматтарды агенттікке хабарласуға шақырды. Ведомство ақпарат бергендерге анонимдік пен сыйақыға кепілдік беретінін мәлімдеді.

Материал авторы