1541

«Жай ғана әзілдедім»: Қазақстанды қорлаған ресейлік стример кешірім сұрады

Павлодар Қазақстандыкы емес деген блогер халықтан кешірім сұрады.

«Жай ғана әзілдедім»: Қазақстанды қорлаған ресейлік стример кешірім сұрады
instagram.com/fassoollka

SMARTNEWS.KZ басылымының хабарлауынша, Қазақстанға келген ресейлік стример тікелей эфирлерінде ел мен қазақ халқына қатысты қорлайтын пікірлер айтып, әлеуметтік желіде үлкен наразылық туғызды. Кейін блогер өз сөздері үшін қазақстандықтардан кешірім сұрады. Бұл туралы NewTimes.kz ақпарат агенттігі жазды.

Ресейлік блогердің fasoollka деген лақап атымен жүргізетін тікелей эфирлерінен үзінділер Threads әлеуметтік желісінде кең тараған. Желі қолданушылары оның Қазақстан туралы айтқан пікірлеріне наразылық білдірді.

Эфирлердің бірінде блогер қазақстандық азаматпен сөйлесу барысында Павлодардың Қазақстанға тиесілі екеніне күмән келтірген.

«Атауы біздікі сияқты естіледі, ол қазақстандық бола алмайды. Неге онда Павлостан емес?» – деген ол.

Тағы бір эфирде блогер Қазақстандағы қыздарға қатысты кемсітетін сипаттағы сұрақ қойып, елдегі төлем жүйесіне де наразылығын білдірген.

Бұдан бөлек, ол Қазақстан халқының тұрмыс-тіршілігі мен ұлттық тағамдары туралы келемеждейтін пікірлер айтқан. Мұндай сөздер блогердің бірнеше тікелей эфирінде қайталанған.

Ресейлік стример осы уақыт аралығында Астанаға да барған. Оның қасында жүрген қазақстандық азамат блогердің сөздеріне қарсылық білдірмеген.

Желіде тараған үзінділерден кейін блогерге қатысты сын күшейді. Осыдан соң Ксения есімді стример өз сөздері үшін кешірім сұрады.

«Бірнеше күн бойы айтқан сөздерім үшін сын естіп жатырмын. Тіпті ұялып жүрмін. Мен өте сәтсіз әзілдедім және бұған шын мәнінде қынжылып отырмын. Бұл жерде тұрып, саяхаттағым келген. Баршаңыздан шын жүректен кешірім сұрағым келеді», – деді ол.

Блогердің кешірімі әлеуметтік желідегі наразылықты тоқтата ма, жоқ па – әзірге белгісіз. 

Материал авторы