Comic Con Astana рекорд жаңартты: фестивальге 40 елден 76 мыңнан астам адам келді
Астанаға әлемнің 40-тан астам елінен актерлер, косплеерлер, блогерлер мен шығармашылық индустрия өкілдері келді.
6-9 тамыз аралығында Астанада бесінші мерейтойлық Comic Con Astana халықаралық фестивалі өтті. Биылғы шара жоба тарихындағы ең ауқымды фестивальге айналып, төрт күн ішінде 76 мыңнан астам қонақты жинады.
Comic Con Astana 2026 фестиваліне әлемнің 40-тан астам елінен қатысушылар мен қонақтар келді. Олардың қатарында Ресей, Қытай, АҚШ, Канада, Бразилия, Мексика, Индонезия, Италия, Германия, Жапония, Оңтүстік Корея, Түркия, Таиланд, Өзбекстан, Қырғызстан, Әзербайжан, Армения, Грузия, Молдова және басқа мемлекеттердің өкілдері болды.

Фестиваль биыл келушілер саны бойынша да рекорд орнатты. Алғашқы күннің өзінде шараға 16 мыңнан астам адам жиналды. Бұл Comic Con Astana тарихындағы бір күнге тіркелген ең жоғары көрсеткіш болды. Жалпы төрт күнде 76 мыңнан астам қонақ фестивальге қатысты.
Мерейтойлық шара елордадағы Barys Arena мен «Алау» мұз сарайында қатар ұйымдастырылды. Екі алаңда кино, сериал, комикс, анимация, видеойын, косплей және заманауи поп-мәдениетке арналған жүздеген іс-шара өтті.

Фестиваль тарихында алғаш рет бірден төрт халықаралық хэдлайнер қатысты. Олардың қатарында «Тақтар ойыны» сериалындағы Джейме Ланнистер рөлімен танылған Николай Костер-Вальдау, Peaky Blinders сериалындағы Артур Шелби бейнесімен белгілі Пол Андерсон, сондай-ақ Netflix-тің One Piece сериалының актерлері Иньяки Годой мен Таз Скайлар бар.

Әлемдік жұлдыздар жанкүйерлерімен кездесіп, сұрақ-жауап сессияларына, автограф және фотосессияларға қатысты.
Николай Костер-Вальдау Қазақстанға сапары кезінде елдің табиғатына ерекше қызығушылық танытқанын айтты. Актер елге қайта келіп, әсіресе Маңғыстауды көргісі келетінін жеткізді. Сондай-ақ ол Қазақстанға келу эстафетасын жазушы әрі сценарист, A Song of Ice and Fire романдар циклінің авторы Джордж Р. Р. Мартинге табыстауға уәде берді.
Пол Андерсон да фестивальден алған әсерін жоғары бағалады. Оның айтуынша, Comic Con Astana өзі қатысқан осындай шаралардың ішіндегі ең үздіктерінің бірі болған.

Халықаралық жұлдыздардан бөлек, фестивальге танымал блогерлер, суретшілер, косплеерлер мен контент авторлары қатысты. Олардың қатарында Jay Kim, Кирилл Соеров, Даня Крастер, Jane Kravitz, Karrambaby, Dobryak, Dalbek, FixEye, Егор Шкред, Паоло Панталена, Аня Хахадетка, Ten Yujin, Domer Grief, Nowkie және басқа авторлар бар.

Төрт күн бойы «Алау» мұз сарайында Жұлдыздар аллеясы жұмыс істеді. Жанкүйерлер фестиваль қонақтарымен кездесіп, қолтаңба алып, естелік суретке түсуге мүмкіндік алды.
Comic Con Astana-ның негізгі бағыттарының бірі – Қазақстандағы креативті қауымдастықты қолдау. Фестиваль жас суретшілерге, иллюстраторларға, косплеерлерге, авторларға, әзірлеушілер мен цифрлық контент жасаушыларға өз жобаларын көпшілікке таныстырып, индустрия өкілдерімен кәсіби байланыс орнатуға мүмкіндік береді.

Биыл осы алаңда киберпанк эстетикасын, жасанды интеллект технологияларын және Ұлы дала мәдениетінің сарындарын біріктірген Tengrida: Cyber Steppe арт-фильмі таныстырылды.
Көрермендер Тенгрида туралы үш минуттық AI-анимациялық эпизодты алғаш рет тамашалады. Жоба сюжетінде басты кейіпкер адамдардың ақиқатты қайта көріп, әділдікті қалпына келтіруі үшін кибераренаға шығады.

Фильм авторларының бірі әрі Тенгрида кейіпкерін жасаған алматылық косплеер Аружан Жунусова бұл образды алғаш рет Comic Con Astana 2025 фестивалінде таныстырған. Кейін кейіпкер жеке авторлық әлемнің негізіне айналды. Жобаның келесі кезеңі Astana AI Film Festival фестиваліне қатысу болмақ.
Comic Con Astana бағдарламасындағы дәстүрлі басты оқиғалардың бірі – халықаралық косплей байқауы. Әртүрлі елдерден келген қатысушылар сахнада өз кейіпкерлерін таныстырып, хореографиялық қойылымдар мен толыққанды сахналық нөмірлер көрсетті.

Байқаудың халықаралық қазылар алқасына Kamui Cosplay, Leon Chiro, Эмилия Grafomanka, Zakos Snowman, Таис Туканова, Sazura және Анна Bricks сияқты косплей индустриясының танымал өкілдері кірді. Байқаудың жалпы жүлде қоры 20 миллион теңгені құрады.
Фестивальдің музыкалық бағдарламасында оңтүстіккореялық Kandis K-pop тобы да өнер көрсетті.
Comic Con Astana продюсері Наталья Абрашкина фестивальдің бірнеше жыл ішінде айтарлықтай өзгергенін атап өтті. Оның айтуынша, шараға келушілердің саны ғана емес, қоғамның гик-мәдениетке деген көзқарасы да өзгерген.

Фестивальді өткізуге ұйымдастыру штабы мен павильондар мен алаңдарды дайындайтын мамандарды қоса алғанда, шамамен 500 адам жұмылды. Мердігерлер мен өзге мамандарды есептегенде, жобаға қатысатын адамдар саны шамамен үш есеге артады.
Фестиваль директоры Бексултан Абдрахмановтың айтуынша, Comic Con Astana-ны өткізу бірнеше күндік шарамен шектелмейді. Оның артында бірнеше айлық дайындық пен ондаған маманның еңбегі жатыр.
Осылайша, алғашында елорда үшін жаңа формат саналған Comic Con Astana бірнеше жыл ішінде Орталық Азиядағы заманауи поп-мәдениеттің ең ірі фестивальдерінің біріне айналды. Шара креативті индустрия мен оқиғалық туризмді дамытуға, сондай-ақ Қазақстанның халықаралық мәдени кеңістіктегі танымалдығын арттыруға ықпал етіп келеді.

Биылғы фестиваль рекордтық көрсеткіштермен аяқталды. Сонымен бірге Comic Con Astana әлемдік жұлдыздар мен заманауи мәдениет жанкүйерлерін ғана емес, қазақстандық креаторлардың жаңа буынын да бір алаңға жинайтын орталыққа айналып келеді.
Айта кетейік, 2026 жылғы фестиваль серіктестері қатарында BIGBON, Яндекс Go, Яндекс Еда, Кинопоиск, Яндекс Афиша, Chupa Chups және басқа да жергілікті әрі халықаралық брендтер болды.