252

«Нұрайды қатты жақсы көрдім»: Шерхан Аймахан соттағы соңғы сөзін айтты

Айыпталушы соңғы сөзінде 10 млрд теңге өтемақыны мойындамады.

«Нұрайды қатты жақсы көрдім»: Шерхан Аймахан соттағы соңғы сөзін айтты
Kazinform

SMARTNEWS.KZ басылымының хабарлауынша, Шымкентте 21 жастағы Нұрай Серікбайдың өліміне қатысты сот процесінде айыпталушы Шерхан Аймахан соңғы сөзін айтты. Ол марқұмның отбасынан кешірім сұрап, материалдық шығынды өтеуге дайын екенін мәлімдеді. Сонымен қатар сот сараптамаларының қорытындыларымен келіспейтінін тағы да жеткізді.  

Шымкент қаласының мамандандырылған ауданаралық қылмыстық сотында сөз алған Шерхан Аймахан әуелі Нұрай Серікбайдың жақындарына көңіл айтып, өкініш білдірді.

«Нұрайды қатты жақсы көрдім, оған деген сезімім шынайы болды. Оның ата-анасы мен екі ағасынан кешірім сұраймын», – деді ол.

Айыпталушы материалдық шығын ретінде көрсетілген 15,7 млн теңгені толық өтеуге дайын екенін айтты. Алайда марқұмның отбасы талап еткен 10 млрд теңге көлеміндегі моральдық өтемақыны мойындамайтынын мәлімдеді.

Айыпталушы сараптама қорытындысымен келіспеді

Аймахан соттағы сөзінің едәуір бөлігін қорғау тарапы бұған дейін айтқан нұсқаға арнады. Оның айтуынша, Нұрай Алматыдан Шымкентке онымен бірге өз еркімен барған және екеуінің арасында сезім болған.

Сондай-ақ ол сот-медициналық және психологиялық-психиатриялық сараптамалардың қорытындысына қайтадан күмән келтірді. Айыпталушы Нұрайға 35 рет пышақ жарақатын бірнеше секунд ішінде салу мүмкін емес деп санайтынын айтып, қылмыстан бірнеше ай өткен соң жүргізілген сараптама оның сол кездегі психологиялық жағдайын нақты анықтай алмайды деген уәж келтірді.

Алайда бұған дейін сот сарапшылары Шерхан Аймаханның қылмыс кезінде өз әрекетінің сипаты мен қауіптілігін түсінгенін және аффект жағдайында болмағанын айтқан.

Нұрай Серікбайдың өлімі

Нұрай Серікбай 2026 жылғы 11 қаңтарда Шымкентте қаза тапты. Тергеу нұсқасына сәйкес, Шерхан Аймахан қызды алып қашып, кейін онымен қарым-қатынас үзілгеннен соң аңдыған. Кейін оған бірнеше рет пышақ жарақатын салған.

Прокурор бұған дейін Аймаханды адам ұрлау, сталкинг және аса қатыгездікпен адам өлтіру баптары бойынша кінәлі деп танып, өмір бойына бас бостандығынан айыруды сұраған. Марқұмның өкілдері де осындай жаза тағайындауды талап етті. 

Материал авторы