182

Сәкен Майғазиев Кенжебек Жанәбіловтің денсаулығына қатысты алаңдатарлық жаңалық айтты

Кенжебек Жанәбіловке ота жасау мәселесі қаралып жатыр.

Сәкен Майғазиев Кенжебек Жанәбіловтің денсаулығына қатысты алаңдатарлық жаңалық айтты

SMARTNEWS.KZ басылымының хабарлауынша, «МузАрт» тобының әншісі Сәкен Майғазиев әріптесі, әнші Кенжебек Жанәбіловтің денсаулығына қатысты алаңдатарлық жаңалықпен бөлісті. Оның айтуынша, екі күн бұрын Жанәбіловтің жүрегі қатты қысылып, ұстама болған. Қазір жағдайы біршама тұрақталғанымен, дәрігерлер бақылауын жалғастырып жатыр. 

Сәкен Майғазиев әріптесінің жағдайын білу үшін ауруханаға барғанын айтып, медицина мамандарына алғыс білдірді.

«Ақ Кенжештің жағдайын сұрап, көңілін көтеріп қайттық. Екі күн бұрын қатты қысылып, ұстама беріпті. Бүгін беті бері қарапты. Алайда мамандар үлкен күтімді қажет етеді дейді», – деп жазды әнші.

Майғазиевтің сөзінше, Кенжебек Жанәбіловтің әрі қарайғы ем-домына қатысты шешім қабылдау үшін Қазақстанның жетекші кардиологтарының қатысуымен консилиум өткізу жоспарланып отыр.

Дәрігерлер ота жасау қажет деп шешсе, әнші бірнеше ай бойы сахнаға шыға алмайды. Сәкен Майғазиев мұндай жағдайда Жанәбіловке кемінде 3-4 ай демалу керек болуы мүмкін екенін айтты.

«Бір сөзбен айтқанда, жеті рет өлшеп, бір рет кесу керек», – деді ол.

Әнші соңында әріптесіне дұға жасап, тезірек сауығып кетуін тіледі. Ол ауырған адамның көңілін түсірмей, керісінше қолдау көрсетіп, көңілін көтерудің маңызды екенін атап өтті.

Кенжебек Жанәбіловтің нақты диагнозы мен ота жасау туралы түпкілікті шешім дәрігерлердің қорытындысынан кейін белгілі болады. 

Материал авторы

Азиз Қалижан
Азиз Қалижан Редактор