Шымкентте TikTok-та ақша сұраған әйел жазаланды
Стример көрермендерден ақша аударуды сұрап, қаржы қабылдау үшін басқа адамның нөмірін пайдаланған.
SMARTNEWS.KZ басылымының хабарлауынша, Шымкентте TikTok арқылы тікелей эфир жүргізген 32 жастағы әйел құқыққа қайшы контент жариялап, көрермендерден ақша аударуды сұрағаны үшін әкімшілік жауапкершілікке тартылды. Бұл туралы Шымкент қаласының полиция департаменті жазды.
Құқық қорғау органдарының мәліметінше, полиция TikTok-тағы тікелей эфирлердің бірінен заңға қайшы әрекеттерді анықтаған. Эфирді жүргізген жергілікті тұрғынның аккаунты Moldirmonika94 деп көрсетілген.
Полицияның хабарлауынша, әйел тікелей эфир кезінде құқыққа қайшы мазмұндағы материалдар жариялап қана қоймай, көрермендерден ақша аударуды сұраған. Бұл ретте қаржы аудару үшін өзіне тиесілі емес, басқа адамның атына тіркелген телефон нөмірін пайдаланған.
Полиция қызметкерлері стримершаны анықтап, тиісті шара қолданған. Істің қаралуы нәтижесінде әйел әкімшілік жауапкершілікке тартылып, оған айыппұл салынған.
Құзырлы орган әлеуметтік желідегі жариялылық заң алдындағы жауапкершіліктен босатпайтынын ескертті. Тікелей эфир кезінде жасалған құқыққа қайшы әрекеттер де заң талаптарына сәйкес бағаланады.
Материал авторы