Алғашқы теледебат: Сайлаушылардың сұрағы тікелей эфирде қойылады
Бүгін жеті партия пікірталасқа түседі.
SMARTNEWS.KZ басылымының хабарлауынша, Құрылтай сайлауына қатысатын саяси партиялардың алғашқы командалық теледебаты 12 тамызда өтеді. Тікелей эфир барысында көрермендер тарапынан жолданған сауалдар партия өкілдеріне қойылады.
Теледебат 12 тамыз күні сағат 20:00-де Jibek Joly телеарнасында тікелей эфирде көрсетіледі. Бұл – Құрылтай сайлауына қатысатын саяси партиялар арасындағы алғашқы командалық теледебат.
Сайлаушылардың партия өкілдеріне өз сауалдарын алдын ала жолдауына мүмкіндік беріліп отыр. Ол үшін сұрақты WhatsApp арқылы +7 700 101 40 00 нөміріне жіберуге немесе әлеуметтік желідегі жазбаның астына пікір ретінде қалдыруға болады.

Ұйымдастырушылардың айтуынша, көрермендерден келіп түскен сауалдар теледебат барысында партия өкілдеріне қойылады. Бұл сайлаушыларға саяси күштердің ұстанымын нақтылап, өздерін қызықтырған мәселелерге тікелей жауап алуға мүмкіндік береді.
Сондықтан партияларға қояр сауалы бар азаматтар оны алдын ала жолдай алады. Теледебаттың барысын @jibekjolydebate2026 парақшасынан да бақылауға болады.