167

«Аңғалдығымның кесірінен сотталдым»: вайнер Төребаев қалай алданып қалғанын айтты

Танымал адамдар жарнаманы тексермей, жауапкершілікті ұмытпауы керек дейді вайнер.

«Аңғалдығымның кесірінен сотталдым»: вайнер Төребаев қалай алданып қалғанын айтты
бейнежазбадан

SMARTNEWS.KZ басылымының хабарлауынша, вайнер Мейіржан Төребаев қаржы пирамидасы ісіне қатысты басынан өткерген жағдайды айтып, өзіне деген сенімді қайта қалпына келтіру оңай болмайтынын мойындады. Ол бұл оқиғаның отбасы мен зардап шеккен азаматтарға ауыр тигенін айтып, қоғам мен көпшілікке танымал адамдар одан сабақ шығаруы керек екенін жеткізді. Бұл туралы Мейіржан Төребаев журналист Майя Бекбаеваға берген сұхбатында айтты.

Төребаевтың сөзінше, болған жағдай оның өміріне қымбатқа түскен. Ол бостандығынан айырылып, отбасымен бірге болу мүмкіндігінен қол үзгенін, анасының денсаулығы мен жақындарының тыныштығына алаңдағанын айтты.

«Адамдардың маған деген көзқарасы бір сәтте өзгеріп кетеді деп үміттенбеймін. Халықтың қаржысынан және тыныштығынан айырылғанын түсіну маған өте ауыр тиеді», – деді ол.

Вайнер бұл оқиғадан қоғам белгілі бір сабақ алса, өз басындағы шығынның да мәні болатынын айтты. Оның пікірінше, азаматтар қаржылық ұсыныстарға мұқият қарап, құжаттар мен жобалардың заңдылығын тексеруді үйренуі керек.

Төребаев сонымен қатар әлеуметтік желіде аудиториясы көп блогерлер мен танымал тұлғаларға жарнамаға жауапкершілікпен қарауға шақырды. Оның айтуынша, кез келген өнімді немесе жобаны насихаттамас бұрын оның кімге тиесілі екенін және қызметінің заңдылығын тексеру маңызды.

Блогер қаржы пирамидасына қатысты ұсыныс жасаған адамдардың сеніміне не себепті кіргенін де түсіндірді. Оның айтуынша, жоба өкілдері діни құндылықтарды пайдаланып, өздерін сенімді адамдар ретінде көрсеткен.

«Мен адамдарға, олардың имандылығына қатты сендім. Олар маған беделді тұлғалар болып көрінді. Ұсыныс жасағандардың бәрі намаз оқитын, арасында хиджабтағы әйелдер де болды. Офиске барғанымда айналамнан тек сенімділік пен ізгілік сезілетін», – деді Төребаев.

Ол жоба өкілдерінің өзіне психологиялық ықпал жасағанын да атап өтті. Төребаевтың сөзінше, олардың бірі оның шығармашылық қызметін құнсыздандырып, басқа салаға ауысуға итермелеген.

«Жасың қырыққа таяғанда әлі де елді күлдіріп жүре бересің бе?» деген сөздер арқылы оның кәсіби жолына күмән келтірген. Төребаев мұндай ықпалға еріп, өз бағытын өзгертіп алғанын айтты.

Вайнер болған жағдайды өзінің аңғалдығымен байланыстырып, танымал адамдарға да сақ болуды ескертті. Оның пікірінше, қоғамдағы бедел мен діни ұстаным адамның немесе жобаның қаржылық тұрғыдан сенімді екенін автоматты түрде білдірмейді. 

Материал авторы

Азиз Қалижан
Азиз Қалижан Редактор