Қордайда балабақша ауласындағы бассейнге батып кеткен 2 жасар бала көз жұмды
Журналист Руслан Өтепбай марқұмның отбасымен тілдесті.
SMARTNEWS.KZ басылымының хабарлауынша, Жамбыл облысы Қордай ауданына қарасты Қалғұты ауылындағы балабақшада қайғылы жағдай болды. Бөбекжай ауласындағы үрлемелі бассейнге 2 жас 2 айлық бүлдіршін батып, көз жұмғаны айтылды. Бұл туралы журналист Руслан Өтепбай Instagram парақшасында жазды.
Алдын ала мәлімет бойынша, қайғылы оқиға балабақша аумағында болған. Марқұм баланың анасы сол сәтте бүлдіршінге қызметкерлер тарапынан тиісті бақылау болмағанын айтып отыр. Оның сөзінше, бала бассейнге түсіп кеткен.
Қайғылы жағдайдың нақты қалай болғаны, сол кезде баланың жанында кім болғаны және қауіпсіздік талаптарының сақталған-сақталмағаны әзірге толық анықталған жоқ.
Баланың отбасы оқиғаның жан-жақты әрі объективті тексерілуін талап етуде. Ата-ананың басты талабы – бүлдіршіннің өліміне кім жауапты екенін анықтап, егер қауіпсіздік талаптары бұзылғаны немесе қызметтік міндеттер тиісінше орындалмағаны расталса, кінәлілерді заң аясында жауапқа тарту.
«Ата-ананың талабы біреу: «Баламның өліміне кімнің жауапты екенін анықтап, қызметіне салғырт қараған және қауіпсіздік талаптарының сақталуына жауапты тұлғалар заң алдында жауап берсін».
- 2 жасар бүлдіршін балабақша ауласындағы бассейнге қалай түсіп кетті?
- Сол сәтте тәрбиешілер қайда болды?
- Балалардың қауіпсіздігіне кім жауапты еді?» - деп жазды журналист.
Қайғылы оқиғаның нақты себептері мен жауапты тұлғалар ресми тексеру нәтижесінде анықталуы тиіс.
Материал авторы