88

«Ескіні қайталауға келген жоқпыз»: «Әділет» партиясы Құрылтайдағы басымдықтарын атады

Байлығың мен лауазымың жазадан құтқармайды дейді дебат кезінде Әділет партиясының өкілі Мәди Мырзағараев.

«Ескіні қайталауға келген жоқпыз»: «Әділет» партиясы Құрылтайдағы басымдықтарын атады
Kazinform

Jibek Joly телеарнасында Қазақстан тарихындағы алғашқы Құрылтай сайлауына қатысатын саяси партиялар өкілдерінің командалық теледебаты басталды. Пікірталастың алғашқы бөлімінде «Әділет» партиясының өкілі Мәди Мырзағараев партияның негізгі ұстанымдарын таныстырды. 

Мәди Мырзағараев сөзін партияның басты құндылықтарына тоқталудан бастап, «Әділеттің» ескі жүйені қайталауға емес, жаңа тәсіл қалыптастыруға ниетті екенін жеткізді.

«Біздің басты сүйенішіміз – Ата Заң, қорғайтынымыз – адал азамат. Ережеміз қарапайым: адалсың ба – қорықпа, заң бұздың ба – жауап бер. Байлығың, лауазымың жазадан құтқармайды», – деді партия өкілі.

Оның айтуынша, Қазақстандағы қолданыстағы заңнаманы қайта қарап, оны Конституция талаптарына сәйкестендіру қажет.

«Елімізде заң көп, біз ол заңдарға ревизия жасап, Конституцияға сай етеміз», – деді Мәди Мырзағараев.

Партия өкілі бұл ұстанымдарды Құрылтай жұмысының негізгі бағыттарымен байланыстырып, заң мен тәртіпті әділетті қоғам құрудың басты шарттарының бірі ретінде атады.

Сурет: Kazinform

Алғашқы командалық теледебат қалай өтіп жатыр?

Құрылтай сайлауына қатысатын жеті саяси партияның өкілдері қатысып отырған дебаттың негізгі тақырыбы – «Заң мен тәртіп – Әділетті Қазақстанның негізі».

Кеше өткен ашық жеребенің қорытындысы бойынша партиялардың сөз сөйлеу реті анықталған болатын. Пікірталасқа «Ақ жол», ОСДП, «Әділет», Қазақстанның халық партиясы, «Ауыл», «Байтақ» және Respublica партияларының командалары қатысып жатыр.

Дебат басталар алдында Астанадағы «Қазмедиа орталығының» фойесінде партия өкілдерін олардың жақтастары қарсы алды.

Көрермендер де дебатқа қатыса алады

Теледебат барысында көрермендер партия өкілдеріне тікелей сұрақ жолдай алады. Ол үшін экранда көрсетілген QR-кодты сканерлеуге немесе WhatsApp арқылы +7 700 101 40 00 нөміріне хабарлама жіберуге болады.

Көрермендерден түскен сұрақтар тікелей эфирде саяси партия өкілдеріне қойылады.

Сонымен қатар дебат кезінде Jibek Joly телеарнасының тапсырысы бойынша Қазақстанның қоғамдық даму институты ұйымдастырған онлайн-сауалнама жүргізілуде.

Сауалнамадағы негізгі сұрақ – «Қай саяси партия спикерінің сөзі сізге көбірек ұнады?».

Дауыс беруге қатысу үшін смартфон камерасын экранда көрсетілген QR-кодқа бағыттау қажет.