72

Алғашқы теледебат сауалнамасына 165 мыңнан астам көрермен қатысты

Құрылтай сайлауы қарсаңындағы теледебатта қай партияның сөзі өтімді болғаны белгілі болды

Алғашқы теледебат сауалнамасына 165 мыңнан астам көрермен қатысты
Kazinform

SMARTNEWS.KZ басылымының хабарлауынша, Құрылтай сайлауы қарсаңында өткен алғашқы командалық теледебат кезінде жүргізілген көрермендер сауалнамасының нәтижесі белгілі болды. Онлайн дауыс беруде «Әділет» партиясы 60,6 пайыз көрсеткішпен бірінші орынға шықты.

Сауалнама барысында Jibek Joly телеарнасының көрермендеріне «Қай партия командасының сөзі өтімді?» деген сұрақ қойылды. Дауыс беру экранда көрсетілген QR-код арқылы жүргізілді.

Екі сағатқа жуық уақыт ішінде сауалнамаға 165 153 көрермен қатысты. 

Сауалнаманы телеарнаның тапсырысы бойынша Қазақстандық қоғамдық даму институты ұйымдастырды.

Айта кетейік, онлайн дауыс беру ресми сайлау нәтижесін алмастырмайды. Сондай-ақ бұл көрсеткіш партиялардың ресми рейтингі ретінде қарастырылмайды. Сауалнама көрермендердің теледебатқа қатысқан партия өкілдерінің жауаптары мен белсенділігіне берген жеке бағасын көрсетеді.

Теледебатта жеті партия пікір таластырды

Алғашқы командалық теледебаттың басты ерекшелігі – әр партиядан екі спикердің қатысуы болды. Партия өкілдері сөз сөйлеу тәртібін ашық жеребе арқылы анықталған кезекпен алды.

Пікірталасқа:

  1. «Ақ жол» партиясынан – Бек-Мұхамед Жәукебаев пен Ермек Әбілдин;

  2. Жалпыұлттық социал-демократиялық партиядан – Лариса Ли мен Нұрайнаш Камалова;

  3. «Әділет» партиясынан – Айжан Аймағанова мен Мәди Мырзағараев;

  4. Қазақстанның Халық партиясынан – Жандос Бидайбеков пен Ирина Смирнова;

  5. «Ауыл» партиясынан – Жазира Сұлтанқұлова мен Ерболат Саурықов;

  6. «Байтақ» партиясынан – Амалбек Өміртай мен Алмат Тұртаев;

  7. Respublica партиясынан – Олжас Құспеков пен Динара Шүкіжанова қатысты.

Теледебат төрт кезеңнен тұрды.

Бірінші раундта партиялар өз бағдарламаларын таныстырып қана қоймай, қарсыластарының сайлауалды ұстанымдарына қатысты пікір білдірді.

Екінші кезеңде журналистер мен көрермендердің сұрақтарына жауап берілді. Барлық сауал «Заң мен тәртіп – Әділетті Қазақстанның негізі» тақырыбымен сабақтасты.

Үшінші раундта партия өкілдері өздері таңдаған қарсыластарына сұрақ қойып, саяси ұстанымдарын қорғады.

Ал соңғы «Уәде» кезеңінде әр партия өкілі Құрылтайға сайланған жағдайда атқаратын жұмыстарына қатысты нақты міндеттемелерін жариялады. Спикерлерге берілген екі минут ішінде партиялардың алдағы бес жылға арналған жоспарлары мен басымдықтары айтылды.

Құрылтай сайлауы 23 тамызда өтеді

Қазақстанда Құрылтай сайлауы 23 тамызда өтеді. Дауыс беру қорытындысы бойынша 145 депутат сайланады.

Теледебаттағы онлайн сауалнама нәтижесі тек көрермендердің пікірін көрсетеді және алдағы ресми сайлау нәтижесін болжауға немесе партиялардың сайлаудағы нақты көрсеткішін анықтауға негіз бола алмайды.