Ресейлік туристер қымыз ішемін деп өліп кете жаздады
Бірнеше жұтым қымыздан кейін ресейлік апалы-сіңілінің жағдайы нашарлап, тыныс алуы қиындаған.
SMARTNEWS.KZ басылымының хабарлауынша, Қазақстанға келген екі ресейлік турист ұлттық сусын – қымыздың дәмін татқаннан кейін ауыр аллергиялық реакцияға тап болған. Апалы-сіңілілердің жағдайы күрт нашарлап, олардың біріне жедел медициналық көмек қажет болған.
Ярослава мен Рената есімді апалы-сіңілі Қазақстандағы мейрамханалардың бірінде қымыздан бірнеше жұтым ішкен. Арада көп уақыт өтпей олардың беті ісініп, тамақтары ауырып, тыныс алуы қиындай бастаған.
Қыздар жақын маңдағы дәріханаға барып, аллергияға қарсы дәрі қабылдаған. Ярославаның жағдайы көп ұзамай жақсарғанымен, Ренатаның денсаулығы керісінше нашарлай түскен. Оның денесінде бөртпе пайда болып, тыныс алуы қиындаған.
Оқиға куәгерлері жедел жәрдем шақырған. Дәрігерлер туристке көмек көрсетіп, ауыр асқынуға жол бермеген. Мамандардың айтуынша, Ренатада Квинке ісінуіне ұқсас белгілер байқалған.
Дәрігерлер екі туристке де бірнеше күн бойы антигистаминдік препараттар қабылдауды ұсынған.
Апалы-сіңілілердің айтуынша, бұған дейін оларда басқа ашытылған сүт өнімдерін тұтынғаннан кейін осындай реакция байқалмаған.
Мамандар аллергиялық реакцияның нақты себебін анықтау үшін медициналық тексеру қажет екенін атап өтеді.
Материал авторы