171

Тоқаев Трамптың шақыруымен Майамидегі саммитке барады

Қазақстан мен АҚШ стратегиялық әріптестікті күшейтудің жаңа бағыттарын талқылады.

Тоқаев Трамптың шақыруымен Майамидегі саммитке барады
Ақорда

SMARTNEWS.KZ басылымының хабарлауынша, Қазақстан мен АҚШ арасындағы кеңейтілген стратегиялық әріптестікті одан әрі дамыту мәселелері Астанада өткен кездесуде талқыланды. Сонымен қатар тараптар биыл желтоқсанда Майамиде өтетін G20 саммитіне дайындық жайын қарастырды. Бұл туралы Қазақстан Республикасы Сыртқы істер министрлігі хабарлады.

Қазақстанның Сыртқы істер министрі Ермек Көшербаев АҚШ Мемлекеттік хатшысының Оңтүстік және Орталық Азия істері жөніндегі көмекшісі Пол Капурмен кездесті. Келіссөздер барысында екіжақты байланыстардың қазіргі ахуалы мен ынтымақтастықты жаңа деңгейге шығару перспективалары сөз болды.

Ермек Көшербаев америкалық тарапқа Қазақстанда жүргізіліп жатқан саяси және әлеуметтік-экономикалық өзгерістер туралы айтып, елдің дамуында жаңа кезең басталғанын атап өтті. Осы ретте 23 тамызда өтетін Құрылтай сайлауы жаңа конституциялық модельді іске асырудағы маңызды қадам ретінде бағаланды.

АҚШ тарапы Қазақстанмен өзара байланысты одан әрі нығайтуға мүдделі екенін жеткізді. Әсіресе энергетика, маңызды минералдар, озық технологиялар, цифрландыру, көлік және инвестиция бағыттарында практикалық ынтымақтастықты кеңейтуге мүмкіндік мол екені айтылды.

Кездесуде су ресурстарын басқару мәселесі де назардан тыс қалмады. Қазақстанның су ресурстарын басқарудың жаһандық архитектурасын күшейту жөніндегі бастамасы, соның ішінде Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың БҰҰ-ның мамандандырылған мекемесі ретінде Халықаралық су ұйымын құру туралы ұсынысы талқыланды.

Тараптар 2026 жылғы желтоқсанда Майами қаласында өтетін G20 саммитіне дайындық мәселелерін де қарастырды. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев саммитке АҚШ президенті Дональд Трамптың шақыруымен қатысады.

Осыған байланысты Қазақстан мен АҚШ өкілдері жоғары деңгейдегі кездесудің күн тәртібін мазмұнды қалыптастыру үшін алдағы уақытта өзара іс-қимылды жалғастыруға дайын екендерін білдірді.

Материал авторы