223

Алматы облысында ер адам жартастан құлап, басын тасқа ұрды

Оқиға 2610 метр биіктікте болған.

Алматы облысында ер адам жартастан құлап, басын тасқа ұрды
ТЖМ

SMARTNEWS.KZ басылымының хабарлауынша, Алматы облысының тауларында жорық кезінде ер адам жартастан құлап, жарақат алды. Зардап шеккен адамды таудан құтқару үшін арнайы мамандар жұмылдырылды. Бұл туралы Қазақстан Төтенше жағдайлар министрлігі хабарлады.

Оқиға Терра алаңы маңында, теңіз деңгейінен 2610 метр биіктікте болған. Ер адам жартастан құлап, жыраға түскен. Оқиғадан кейін оған бірге болған адамдар құтқарушылардан көмек сұраған. Алғашқы мәлімет бойынша, құлаған азамат біраз уақыт ес-түссіз жатқан.

Оқиға орнына Қазақстан ТЖМ «Барыс» республикалық жедел-құтқару қызметінің және Алматы қаласы әкімдігінің Мониторинг және жедел әрекет ету орталығының құтқарушылары жіберілді.

Мамандар таулы бағытпен жаяу жүріп, Проходное шатқалы арқылы оқиға орнына жеткен. Олар зардап шеккен ер адамды жыраның ішінен тауып, дереу алғашқы медициналық көмек көрсеткен.

ТЖМ мәліметінше, ер адам құлаған кезде басын тасқа соғып, бас жарақатын алған. Құтқарушылар оның жағдайын тұрақтандырып, эвакуацияға дайындаған.

Кейін зардап шеккен адам таулы аймақтан қауіпсіз жерге шығарылып, Төтенше жағдайлар медицинасы орталығының қызметкерлеріне тапсырылды. Одан әрі ер адам қалалық клиникалық ауруханаға жеткізіліп, медициналық тексеруден өтті.

Төтенше жағдайлар министрлігі таудағы құтқару операциясының барысын әлеуметтік желідегі парақшасында жариялады.

Материал авторы

Азиз Қалижан
Азиз Қалижан Редактор