Заңгер Мейірман Шекеев өзіне қарсы қылмыстық іс қозғалғанын мәлімдеді
Тілді қорғағандардың артына түсіп, іс қозғай берсе, сұмдық емес пе дейді заңгер.
SMARTNEWS.KZ басылымының хабарлауынша, заңгер Мейірман Шекеев өзіне қатысты қылмыстық іс қозғалғанын мәлімдеп, әлеуметтік желі арқылы Қазақстанның бірқатар мемлекеттік органдарына үндеу жасады. Бұл туралы Мейірман Шекеев Instagram парақшасында жазды.
Заңгер жариялаған жазбасында өзіне қатысты кейбір құзырлы органдардың әрекетін сынға алып, мемлекеттік тілді қорғаған азаматтарға қатысты іс қозғалуына алаңдайтынын жеткізді.
«Тілді қорғағандардың артына түсіп, іс қозғай берсе, сұмдық емес пе?» деген ол мемлекеттік органдардың өкілеттігін заң аясында жүзеге асыруы керектігін атап өтті.
Шекеев өз жазбасында Президентке, Бас прокуратураға, Жоғарғы сотқа, Ішкі істер министрлігіне және Алматы қаласының прокуратурасына назар аударуға шақырды. Ол азаматтарды өзінің үндеуін таратып, мәселені қоғам назарына жеткізуге үндеді.
Заңгер өзіне қатысты жағдайдан қорықпайтынын да мәлімдеді. Оның сөзінше, қандай қысымға тап болса да, қазақ тілін қолдайтын ұстанымынан бас тартпайды.
Осыдан кейін әлеуметтік желі қолданушылары заңгерге қолдау білдіріп, жағдайдың заң аясында әділ қаралуын талап еткен.
Шекеев өзіне алаңдап, жағдайын сұрап жатқан азаматтардың барлығына алғыс айтты. Ол қолдау көрсеткен жандардың көптігі өзіне күш беретінін жеткізді.
Айта кетейік, заңгердің мәлімдемесінде қылмыстық істің нақты қандай бап бойынша қозғалғаны және істі қай орган тергеп жатқаны туралы ақпарат көрсетілмеген. Сондықтан бұл деректер әзірге заңгердің әлеуметтік желідегі мәлімдемесіне негізделіп отыр.
Материал авторы