1088

«Мені қорлап, қаралады»: Баян Алагөзова емшіге қатысты сотта жеңіске жетті (ВИДЕО)

Емші Бағдагүлдің қорғаушысы видеолар жасанды интеллект көмегімен жасалғанын айтты.

«Мені қорлап, қаралады»: Баян Алагөзова емшіге қатысты сотта жеңіске жетті (ВИДЕО)
SMARTNEWS.KZ коллажы

SMARTNEWS.KZ басылымының хабарлауынша, продюсер Баян Алагөзова мен журналист, кәсіпкер Динара Сәтжан емші Бағдагүл Лепесоваға қатысты сотқа жүгінген. Бұған әлеуметтік желіде тараған, олардың ар-намысы мен қадір-қасиетіне нұқсан келтірді деп танылған видеоматериал себеп болған. Бұл туралы Kazinform жазды.

Іс Ақтөбе қаласының әкімшілік құқық бұзушылықтар жөніндегі мамандандырылған ауданаралық сотында қаралған.

Сот материалдарына сәйкес, 2026 жылғы 15 мамырда Баян Алагөзова мен Динара Сәтжан Бағдагүл Лепесоваға қатысты арызды E-otinish порталы арқылы жолдаған. Келесі күні олардың қорғаушылары полицияға даулы видеоны ұсынған.

Кейін бейнежазбалар сот сараптамасына жіберілген. Сараптама нәтижесінде видеода жала сипатындағы мәліметтердің бар екені расталып, іс сотқа жолданған.

Лепесова айыпты мойындамады

Бағдагүл Лепесова өзіне тағылған айыппен келіспеген. Ол даулы видеоны өзі жарияламағанын айтып, әлеуметтік желідегі парақшаның өзіне тиесілі еместігін алға тартқан.

Ал оның қорғаушысы сотта видеолардың монтаждалуы немесе жасанды интеллект көмегімен жасалуы мүмкін екенін мәлімдеген. Сондай-ақ адвокат сараптама қорытындысын заңсыз деп тануды және видеоны жариялаған екі аккаунттың иелерін анықтап, сотқа шақыруды сұраған.

Алайда сот бұл уәждерге қарамастан Лепесованы кінәлі деп таныды.

Баян Алагөзова медиациядан бас тартты

Сот отырысына онлайн қатысқан Баян Алагөзова әлеуметтік желіде тараған видеода өзі туралы ауыр айыптар айтылғанын мәлімдеді. Оның сөзінше, жарияланымдар ар-намысы мен қадір-қасиетіне елеулі түрде әсер еткен.

Продюсер медиативтік келісімге бармайтынын және кешірім қабылдамайтынын ашық айтқан. Ол істің шешімі әлеуметтік желіде адамдарды қорлауға жол бермеуге қатысты маңызды белгі болуы керек екенін жеткізді.

Сот қаулысымен Бағдагүл Лепесова кінәлі деп танылып, оған 1 млн 557 мың теңге айыппұл салынды. Айыппұл сот шешімі заңды күшіне енгеннен кейін 30 тәуліктен кешіктірілмей төленуі тиіс.

Сонымен қатар Лепесоваға қатысты Астанада «Қорлау» бабы бойынша қылмыстық іс те тіркелген.

Материал авторы

Азиз Қалижан
Азиз Қалижан Редактор