180

«Заң алдында бәрі тең бе?»: Баян Алагөзова Канье Уэст концертіне қатысты наразылығын білдірді

Продюсердің жазбасы әлеуметтік желіде қызу пікірталас туғызып, қолданушылар екіге бөлінді.

«Заң алдында бәрі тең бе?»: Баян Алагөзова Канье Уэст концертіне қатысты наразылығын білдірді
instagram.com/bayanmaxatkyzy / AP Photo

SMARTNEWS.KZ басылымының хабарлауынша, продюсер Баян Алагөзова Алматыдағы Kanye West концертінде пиротехниканың қолданылғанына назар аударып, отандық әртістерге қойылатын талаптар мен шетелдік орындаушыларға жасалатын жағдайдың бірдей еместігін алға тартты.

15 тамызда Алматыда өткен Kanye West концертінен кейін продюсер Баян Алагөзова отандық және шетелдік әртістерге жасалатын жағдайға қатысты пікір білдірді. Ол әлеуметтік желідегі жазбасында KeshYou тобының стадионда өткен концертін еске алып, сол кезде сахнада салют қолдануға бірнеше рет рұқсат сұрағанымен, өтініштері қабылданбағанын айтты.

Ал Kanye West шоуында пиротехникалық элементтер қолданылған.

Алагөзованың пікірінше, мұндай айырмашылық отандық өнер өкілдеріне қатысты сұрақ туындатады. Продюсер KeshYou концертіне дайындық кезінде қауіпсіздік талаптарына байланысты бірқатар шектеу болғанын айтып, шетелдік орындаушыға мұндай мүмкіндік берілгеніне таңданысын жеткізді.

«Біздің әртістерге болмайды, ал Kanye West-ке болады деген түсінік болмауы керек. Заң алдында бәрі тең болуы тиіс», – деген мазмұнда пікір білдірді продюсер.

Алагөзова сонымен қатар KeshYou-дың концертін ауқымды шоу ретінде бағалап, Kanye West-тің сахнадағы қойылымына қатысты өз субъективті бағасын айтты.

Продюсердің жазбасы әлеуметтік желі қолданушылары арасында пікірталас тудырды. Кейбір оқырман оның сөзімен келісіп, отандық және шетелдік әртістерге қойылатын талаптар бірдей болуы керек деген пікір білдірді.

Ал басқа қолданушылар KeshYou мен Kanye West концерттерін салыстыруды орынсыз деп санады. Олар әртістердің шығармашылық бағыты, шоу тұжырымдамасы мен сахналық қойылымдарының ерекшелігі әртүрлі екенін атап өтті. Кейбірі Kanye West-тің концерт барысында ұзақ уақыт өнер көрсетіп, көрерменге ерекше атмосфера қалыптастырғанын жазды.

Материал авторы

Азиз Қалижан
Азиз Қалижан Редактор