«Көлікпен бірге өртеймін»: Астанада әйел такси жүргізушісіне жолаушы қоқан-лоқы көрсеткен
Сапар аяқталған соң жолаушы көліктен түспей, әйел жүргізушіні қорқыта бастаған.
SMARTNEWS.KZ басылымының хабарлауынша, Астанада жолаушы сапар аяқталғаннан кейін көліктен түспей, әйел жүргізушіге тиісіп, қорқытып-үркіткен. Жүргізушінің айтуынша, ер адам оны сүйіп, бірге көңіл көтеретін орынға баруды талап еткен. Полиция оқиғаға қатысты әкімшілік іс қозғады. Бұл туралы Qumash.kz басылымы жазды.
Әйел жүргізушінің айтуынша, ол бес ер адамды тасымалдаған. Сапар аяқталған соң жолаушылардың бірі көлікте қалып, жүргізушінің жұмысын жалғастыруына кедергі келтірген.
Ер адам онымен бірге демалуды ұсынып, шығынның бәрін өзі төлейтінін айтқан. Алайда жүргізуші бірнеше рет көліктен шығуын талап еткен. Бұған жолаушы балағат сөздермен жауап беріп, жанжалды ушықтыра түскен.
Кейін әйел оны достарына апарып тастаған. Сол жерде ер адам көлікке орнатылған бейнетіркегішті жұлып алуға әрекет жасаған. Алайда құрылғы оқиғаны жазуды жалғастырған.
Жүргізушінің сөзінше, жолаушы бейнетіркегіштен түсірілген жазба әлеуметтік желіге жарияланса, оған күш қолданатынын айтып қорқытқан.
Бұдан бөлек, ер адамның көлікті де, жүргізушіні де өртеп жіберетінін айтып қорқытуы бейнетіркегішке жазылып қалған.
Оқиға түсірілген бейне кейін Instagram желісінде жарияланды.
Астана қаласы Есіл ауданы полиция басқармасының мәліметінше, жолаушыға қатысты ұсақ бұзақылық фактісі бойынша әкімшілік іс қозғалған.
Жиналған материалдар сотқа жолданды. Енді ер адамның әрекетіне құқықтық бағаны сот береді.
Материал авторы