158

«Тергеу жалғасып жатыр»: Бақытжан Базарбек жол апаты туралы айтты

Ол бірнеше күн бойы зардап шеккен азаматтың туыстарымен бірге оның сауығып кетуін тілеп отырғанын айтты.

«Тергеу жалғасып жатыр»: Бақытжан Базарбек жол апаты туралы айтты
facebook.com/bbazarbek

SMARTNEWS.KZ басылымының хабарлауынша, бұған дейін жол апатына қатысы бар деген ақпарат тараған экс-депутат Бақытжан Базарбек әлеуметтік желіде оқиғаға қатысты пікір білдірді. Ол тергеу жүріп жатқандықтан, жол-көлік оқиғасының мән-жайын толық түсіндіре алмайтынын айтты.

Базарбектің сөзінше, өзі және жұбайы сотқа дейінгі тергеп-тексеру деректерін жария етпеу туралы қолхат берген. Сондықтан әлеуметтік желідегі түрлі болжамдарға жауап беруге мүмкіндігі жоқ.

Тергеу жалғасып жатыр

Экс-депутаттың мәлімдеуінше, қазір қажетті сараптамалар жүргізіліп жатыр. Оның айтуынша, тергеу органдары оқиғаның барлық мән-жайына заң аясында объективті әрі әділ баға береді.

«Тергеу амалдары жалғасып жатыр. Қазір қажетті сараптамалардың жүргізілуі күтілуде. Тергеп-тексеру органдары заң талаптарына сәйкес болған оқиғаның барлық мән-жайына объективті әрі әділ баға береді деп сенемін», – деді ол.

Зардап шеккен азаматтың жағдайын айтып, алғыс білдірді

Бақытжан Базарбек қазіргі уақытта өзі үшін ең маңыздысы – жол апатынан зардап шеккен азаматқа және оның жақындарына қолдау көрсету екенін айтты.

Оның сөзінше, бірнеше күн бойы азаматтың туыстарымен бірге оның сауығып кетуін тілеп, дұға жасап отырған.

Экс-депутат зардап шеккен адамға шұғыл медициналық көмек көрсеткен аудандық аурухана дәрігерлеріне, сондай-ақ Денсаулық сақтау министрлігі мен облыстық денсаулық сақтау басқармасына алғыс білдірді.

«Асығыс қорытынды жасамауға шақырамын»

Базарбек әлеуметтік желілерде жол апатына қатысты түрлі нұсқалар мен расталмаған ақпараттар тарап жатқанын атап өтті.

Ол жұртшылықты тергеу аяқталмай тұрып қорытынды жасамауға және тек ресми мәліметтер мен тергеу нәтижелеріне сүйенуге шақырды.

«Баршаңызды асығыс қорытынды жасамауға және тек ресми ақпарат пен тергеу нәтижелеріне сенуге шақырамын», – деді экс-депутат.

Материал авторы