Семейде Аустралия университетінің филиалы ашылмақ
Жоба Абай облысына қажетті кадр даярлау мен өңірдің ғылыми әлеуетін арттыруға бағытталмақ.
Қазақстан мен Аустралия жоғары білім және ғылым саласындағы ынтымақтастықты жаңа деңгейге шығаруды көздеп отыр. Тараптар Семей қаласында Аустралияның Мёрдок университеті филиалын ашу мүмкіндігін талқылады. Бұл туралы Қазақстан Республикасы Ғылым және жоғары білім министрлігінің баспасөз қызметі мәлімдеді.
Семейде Мёрдок университетінің филиалы ашылуы мүмкін
Қазақстан Республикасының Ғылым және жоғары білім министрі Саясат Нұрбек Мёрдок университетінің өкілдерімен кездесті. Келіссөздердің негізгі тақырыптарының бірі – Шәкәрім университеті базасында Мёрдок университетінің филиалын ашу мүмкіндігі болды.

Тараптар болашақ филиалдың жұмыс моделін, кадр даярлау бағыттарын, сондай-ақ бастаманы жүзеге асыруға қажет академиялық, ұйымдастырушылық және инфрақұрылымдық мәселелерді талқылады.
Жоба әсіресе Абай облысының әлеуметтік-экономикалық дамуы үшін маңызды бағыттармен байланыстырылады. Оның ішінде өңірге қажетті жоғары білікті мамандар даярлау, ғылыми-зерттеу әлеуетін арттыру және халықаралық тәжірибені білім беру үдерісіне енгізу мәселелері бар.
Университеттер меморандумға қол қойды
Кездесу барысында Шәкәрім университеті мен Мёрдок университеті өзара түсіністік туралы меморандумға қол қойды.
Құжат аясында тараптар:
-
академиялық және ғылыми ынтымақтастықты дамытуға;
-
бірлескен білім беру және зерттеу жобаларын жүзеге асыруға;
-
студенттер мен оқытушылардың академиялық ұтқырлығын арттыруға;
-
ортақ білім беру бағдарламаларын әзірлеуге;
-
сарапшылар мен зерттеушілер алмасуға ниетті.
Енді тараптар бірлескен білім беру және ғылыми-зерттеу жобаларын дамытып қана қоймай, Семейде Мёрдок университетінің филиалын ашу мәселесін нақтылауды жалғастырады.

Мёрдок университеті қандай бағыттарға маманданған?
Мёрдок университеті ветеринария, жануарлар денсаулығы және мал шаруашылығы салаларындағы зерттеулерімен танымал. Университеттің ветеринарлық медицина мектебі мен Жануарларды өндіру және олардың денсаулығы орталығы білім беру мен ғылыми жұмыстарды практикалық базамен ұштастырады.
Университетте жануарлар аурулары, биоқауіпсіздік, малдың әл-ауқаты және ауыл шаруашылығы саласындағы ветеринария бағыттары бойынша мамандар даярланады. Студенттер жұмыс істеп тұрған университеттік фермада ауыл шаруашылығы жануарларымен практикалық тәжірибе жинақтайды.

Ғылыми зерттеулердің бір бөлігі ет өнімдерінің сапасын арттыруға, малдың өнімділігі мен көбею тиімділігін жақсартуға бағытталған. Сонымен қатар паразиттермен күрес, биоқауіпсіздік және антибиотиктерге төзімділік мәселелері зерттеледі.
Қазақстан үшін мұндай әріптестік ауыл шаруашылығы, ветеринария және биотехнология секілді салаларға халықаралық тәжірибені тартуға мүмкіндік беруі мүмкін. Алайда филиалдың нақты қашан ашылатыны және қандай білім беру бағдарламалары іске қосылатыны әзірге нақтыланған жоқ.