95

Көрермен талғамы өзгерді: «Qazaqstan» телеарнасындағы үш жобаның аудиториясы күрт артты

«Әлем және біз», «Ізгілік формуласы» және «Qazaq creative» бағдарламаларының аудиториясы бірнеше айдың ішінде айтарлықтай өскен.

Көрермен талғамы өзгерді: «Qazaqstan» телеарнасындағы үш жобаның аудиториясы күрт артты
Qazaqstan

Соңғы уақытта отандық телеарналардағы көрермен талғамында елеулі өзгеріс байқалады. Қоғам саяси және әлеуметтік тұрғыдан маңызды мәселелерді талдайтын, елдің болашағы мен азаматтық жауапкершілікті қозғайтын мазмұнды жобаларға көбірек қызығушылық таныта бастаған.

Бұл үрдіс «Qazaqstan» ұлттық телеарнасының бірқатар бағдарламасының аудиториялық көрсеткішінен де байқалады. Әсіресе үш жоба көрермен сұранысының айтарлықтай артқанын көрсетті.

«Әлем және біз»: әлемдегі жағдайға қызығушылық артты

Әлемдік саясат пен халықаралық үдерістерді талдайтын «Әлем және біз» бағдарламасының аудиториялық үлесі сәуір айының ортасынан бері шамамен 1,5 есеге өскен.

Бұған әлемдегі саяси жағдайдың Қазақстанға да тікелей әсер ететіні туралы қоғамдық түсініктің күшеюі себеп болған. АҚШ пен Иран арасындағы текетірес, Ормуз бұғазындағы ахуал, мұнай бағасының өзгеруі және халықаралық шиеленістер жағдайындағы дипломатиялық саясат бағдарламада жан-жақты талқыланады.

Жоба әлемде болып жатқан оқиғаларды бақылап, олардың Қазақстанға ықпалын түсінгісі келетін көрермен үшін сараптамалық ақпарат алаңына айналған.

«Ізгілік формуласы»: қоғам қарапайым жақсылықты бағалай бастады

«Ізгілік формуласы» бағдарламасының аудиториясы маусым айының соңынан бері екі еседен астам артқан.

Жобаның негізгі ерекшелігі – жақсылық ұғымын тек материалдық көмекпен шектемеуінде. Бағдарлама өз ортасында өзгелерге қолдау көрсетіп, қоғамның дамуына үлес қосып жүрген қарапайым азаматтардың ісін көрсетеді.

Олардың қатарында айналасына пайдасын тигізіп, қолынан келгенше қоғамға қызмет етіп жүрген адамдар бар. Осындай кейіпкерлерді көпшілікке үлгі ету қоғамдағы өзара көмек пен азаматтық жауапкершілікке деген сұраныстың бар екенін аңғартады.

Бағдарлама мазмұны Президент ұсынған «Адал азамат» және «Таза Қазақстан» қағидаттарымен де үндеседі.

«Qazaq creative»: креативті экономика көрермен назарын аударды

Креативті индустрияның мүмкіндіктерін көрсететін «Qazaq creative» жобасы эфирге мамыр айының соңында шыққан. Ал шілде айынан бастап оның аудиториялық көрсеткіші 2,5 еседен астам өскен.

Бағдарламаның танымал болуы елдегі креативті экономиканы дамытуға бағытталған мемлекеттік бастамалармен тұспа-тұс келді. Атап айтқанда, Президенттің креативті индустрияны қолдау жөніндегі тапсырмалары және «QazaqCreative» бірыңғай цифрлық платформасының іске қосылуы осы тақырыпқа деген қызығушылықты арттырды.

Жоба мәдени кәсіпкерлік пен отандық шығармашылықтың экономикалық әлеуетін көрсетуге басымдық береді. Бұл әсіресе шығармашылық салаларға қызығатын жастардың назарын аударған.

Көрерменге енді жай ақпарат аздық етеді

Үш жобаның аудиториялық көрсеткішіндегі өсім қоғамдағы өзгеріп жатқан ақпараттық сұранысты аңғартады. Көрермен күнделікті жаңалықпен ғана шектелмей, оқиғаның себебі мен салдарын түсіндіретін, қоғамдық мәселелерді талдайтын және елдің даму бағытын көрсететін бағдарламаларға назар аудара бастаған.

Сараптамалық саясат, азаматтық жауапкершілік, ұлттық құндылықтар мен креативті экономика секілді тақырыптарға қызығушылықтың артуы қазақстандық телеаудиторияның мазмұнға қоятын талабы күшейгенін көрсетеді.