Астанада 21 жыл бұрын жасалған адам өлтіру қылмысы ашылды
2005 жылы елорда шетінен зорлықпен қаза болған ер адамның денесі табылып, қылмыс сол күйі ашылмай қалған.
SMARTNEWS.KZ басылымының хабарлауынша, Астанада осыдан 21 жыл бұрын жасалған адам өлтіру қылмысының беті ашылды. Полиция архивтегі істі қайта қарап, жедел-іздестіру шараларын жүргізу нәтижесінде қылмысқа қатысы бар деген күдікпен екі адамды ұстады.
Ішкі істер министрлігінің мәліметінше, 2005 жылғы маусымда елорда шетінен зорлықпен қаза болған ер адамның денесі табылған. Ол кезде қылмысқа тікелей дәлелдердің жеткіліксіз болуына байланысты күдіктілерді анықтау мүмкін болмаған.
Арада 21 жыл өткен соң қылмыстық полиция қызметкерлері істің архивтегі материалдарын қайта зерделеген. Тергеушілер сол кездегі оқиғаның мән-жайын қайта қалпына келтіріп, кешенді жедел-іздестіру шараларын жүргізген.
Нәтижесінде Павлодар облысының екі тұрғынының қылмысқа қатысы бары анықталған. Күдіктілер тамыз айында ұсталып, адам өлтіргенін мойындаған.
ІІМ Қылмыстық полиция департаментінің бастығы Қанат Нұрмағамбетовтің айтуынша, қылмыс күдіктілердің алкогольдік ішімдік ішкен күйінде туындаған жанжал кезінде жасалған.
Қазір екі күдікті де қамауға алынды. Қылмыстық іс бойынша тергеу жалғасып жатыр.
Ішкі істер министрлігі өткен жылдардағы ашылмай қалған қылмыстарды қайта қарап, кінәлілерді жауапкершілікке тарту полиция жұмысының басым бағыттарының бірі болып қала беретінін атап өтті.
Материал авторы