219

5 мың теңге үшін полицейлерді қараламақ болған автобус жүргізушісі өзі жауапқа тартылды

Ақмоладағы жүргізуші полицейлерді кінәламақ болып, өзі сүрінді.

5 мың теңге үшін полицейлерді қараламақ болған автобус жүргізушісі өзі жауапқа тартылды
Pexels.com

SMARTNEWS.KZ басылымының хабарлауынша, заңсыз қайта жабдықталған автобуспен ұсталған жүргізуші полицияға шағым түсірмек болып, өзі тағы бір әкімшілік іс бойынша жауапқа тартылды. 

18 тамызда Астана – Қарағанды – Алматы автожолында патрульдік полиция қызметкерлері Van Hool маркалы автобусты құжаттарын тексеру үшін тоқтатқан. Тексеру кезінде көлік салонының заң талаптарына қайшы қайта жабдықталғаны анықталған.

Автобуста зауыттық құрылымда қарастырылған жолаушылар орындықтарының орнына жатын орындар жасалған. Алдын ала мәлімет бойынша, жүргізуші Шымкент – Астана бағытында қатынап жүрген.

Осы заң бұзушылық үшін жүргізушіге әкімшілік хаттама толтырылды. Алайда ол полиция қызметкерлерінің әрекетіне наразы болған.

Біраз уақыттан кейін 102 арнасына патрульдік полиция қызметкерлері заңсыз әрекет жасап, одан 5 мың теңге алды деген шағым түскен.

Полиция бұл хабарламаны тексеруге кіріскен. Қызметкерлер автобустың орналасқан жерін анықтап, көлікті қайта тоқтатқан.

Жүргізуші бастапқыда 102 нөміріне өзі хабарласқанын жоққа шығарған. Тіпті қоңырау шалған SIM-картаны лақтырып үлгерген.

Алайда тексеру барысында полиция арнайы желіге түскен қоңыраудың дәл осы жүргізушіден жасалғанын анықтаған.

Кейін ер адам өз әрекетін мойындады. Ол полицияға алғашқы хаттамаға ашуланып қоңырау шалғанын түсіндірген.

Нәтижесінде жүргізушінің патрульдік полицияға қатысты шағымы өзіне қосымша мәселеге айналды. Оған арнайы қызметтерді көрінеу жалған шақырғаны үшін тағы бір әкімшілік хаттама толтырылды.

Полиция 102 желісі нақты оқиғалар мен құқық бұзушылықтар туралы хабарлауға арналғанын еске салды. Арнайы қызметтерді әдейі жалған шақырған адам заңда белгіленген әкімшілік жауапкершілікке тартылуы мүмкін. 

Материал авторы