161

«Бөтелкеге отыруға мәжбүрлеген»: Лисаковскіде 12 жастағы екі бала құрдасын қорлаған

12 жастағы екі жасөспірім құрдасын ұзақ уақыт қорлаған, бірақ қылмыстық жауапқа тартылмады.

«Бөтелкеге отыруға мәжбүрлеген»: Лисаковскіде 12 жастағы екі бала құрдасын қорлаған
Midjourney

SMARTNEWS.KZ басылымының хабарлауынша, жасөспірімді қорқытып, темекі шегуге мәжбүрлеген және қорлық әрекеттерін видеоға түсірген екі баланың ата-аналарына қатысты әкімшілік іс қаралды. Бұл туралы TobolInfo жазды.

Лисаковскіде екі 12 жастағы жасөспірімнің өз құрдасын ұзақ уақыт бойы қорлап, қудалағаны анықталды. Олар баланы қорқытып, төбелесуге мәжбүрлеген, темекі шегуге және снюс қолдануға итермелеген. Сонымен қатар болған жағдайды ешкімге айтпауын талап еткен.

Оқиғаға қатысты полицияға баланың әкесі биыл көктемде шағымданған. Тергеу барысында жасөспірімдерге қатысты бірнеше эпизод анықталған.

Ең ауыр жағдайлардың бірі 2025 жылдың қыркүйегінде болған. Тергеу мәліметінше, екі жасөспірім баланы адам аяғы аз жерге апарып, қорқытып, ар-намысына тиетін әрекеттер жасауға мәжбүрлеген. Олардың бірі болған жағдайды ұялы телефонына түсірген.

18 маусымда жәбірленушінің бұрын берген жауабы заң талаптарына сәйкес бекітіліп, ол жасөспірімдердің өзіне жасаған қысымы мен қорқытуы туралы тағы да айтып берген. Тергеушілер оқиға түсірілген видеоны да тәркілеген.

Жасөспірімдер неге қылмыстық жауапқа тартылмады?

Іс бойынша күдікті болған екі баланы қылмыстық жауапкершілікке тарту мүмкін болмаған. Себебі оқиға кезінде олардың екеуі де небәрі 12 жаста болған.

ҚР Қылмыстық кодексінің 15-бабына сәйкес, аталған санаттағы қылмыс үшін қылмыстық жауапкершілік 14 жастан басталады.

Осыған байланысты 20 маусымда сотқа дейінгі тергеу жасөспірімдердің қылмыстық жауапкершілік жасына толмауына байланысты тоқтатылған.

Осыдан кейін балалардың ата-аналарын тәрбиелеу міндетін тиісінше орындамағаны үшін жауапкершілікке тарту мәселесі көтерілді.

Бір ата-анаға 86,5 мың теңге айыппұл салынды

10 шілдеде Лисаковск қалалық соты жасөспірімдердің бірінің анасына қатысты әкімшілік істі қарады.

Әйел өз кінәсін мойындамай, оқиға туралы тек биыл көктемде білгенін айтқан. Алайда сот тоқтатылған қылмыстық іс материалдарын, жәбірленушінің және куәгерлердің түсініктемелерін зерделей келе, оны ҚР Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодексінің 127-бабы 3-бөлігі бойынша кінәлі деп таныды.

Сот оған 20 АЕК, яғни 86 500 теңге көлемінде айыппұл тағайындады.

Ал екінші жасөспірімнің анасына қатысты әкімшілік істі Қостанай облысының кәмелетке толмағандардың істері жөніндегі мамандандырылған ауданаралық соты қараған. 12 тамызда сот құқық бұзушылық құрамының белгілері болмағанын айтып, істі тоқтатты.

Полиция мен жәбірленуші тарап сот шешімімен келіспеді

Полиция бұл шешіммен келіспеген. Лисаковск қалалық полиция бөлімінің басшысы прокурорға істің тоқтатылуы негізсіз болғанын көрсетіп, шағым түсірген.

Полиция өз ұстанымын қылмыстық іс материалдарымен, жәбірленуші мен куәгерлердің көрсетулері және оқиға бейнеленген видеомен негіздеген.

Жәбірленуші тарап та сот шешіміне шағымданды. Адвокат Жаслан Қанапияновтың айтуынша, кәмелетке толмаған баланы жасы себепті қылмыстық жауапкершілікке тартпау қылмыстың болғанын жоққа шығармайды.

Қазір екінші ата-анаға қатысты әкімшілік істің тоқтатылуы заңды болды ма деген мәселе апелляциялық тәртіпте қаралып жатыр. 

Материал авторы

Азиз Қалижан
Азиз Қалижан Редактор