Алматыда автобуста төбелес болып, ер адам пышақ шығарған
Оқиға кезінде автобуста кішкентай баласы бар әйел де болған, ал жанжалға араласқан жолаушылар төбелеске кіріскен.
SMARTNEWS.KZ басылымының хабарлауынша, Алматыда автобуста жолаушылар арасында жанжал шығып, арты төбелеске ұласқан. Оқиға кезінде қатысушылардың бірі пышақ шығарған. Оқиға сәті түсірілген видео әлеуметтік желілерде тарады.
Әлеуметтік желіде жарияланған жазбадағы мәліметке қарағанда, автобуста ер адам кішкентай баласымен бірге болған әйелмен сөзге келген. Әйелді басқа жолаушы қорғауға араласқан. Осыдан кейін екі ер адамның арасында төбелес басталған.
Жанжал кезінде автобусқа тағы бір ер адам кіріп, пышақ шығарған.
Оқиғаның нақты қалай болғанын және жанжалдың неден басталғанын тергеу анықтайды.
Алматы полиция департаментінің мәліметінше, бұл факті бойынша Түрксіб аудандық полиция басқармасы қылмыстық іс қозғаған. Күдіктілер ұсталып, Алматы полиция департаментінің уақытша ұстау изоляторына қамалған.
Полиция барлық қатысушының әрекетіне жеке құқықтық баға берілетінін мәлімдеді.
«Жанжалға қатысушылардың әрқайсысының әрекетіне принципті құқықтық баға беріледі. Мұндай агрессивті әрі қоғамға қауіпті әрекетке жол берілмейді. Кінәлілер Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес жауапқа тартылады», — деп хабарлады полиция.
Материал авторы