89

Астанада әйелдер арасында Counter-Strike 2 бойынша Astana Queens Cup турнирі өтеді

Astana Queens Cup турнирінде 30 геймер қыз бір алаңда бақ сынайтын болады.

Астанада әйелдер арасында Counter-Strike 2 бойынша Astana Queens Cup турнирі өтеді
Astana Queens Cup

22 тамызда елордада 30 қыздан құралған алты команда киберспорттағы шеберлігін сынайды. Жарыс әйелдер киберспортын дамытуға бағытталған Astana Queens Cup жобасының екінші кезеңі болмақ.

Астанада Counter-Strike 2 бойынша әйелдер арасындағы Astana Queens Cup II турнирі өтеді. Жарыс 2026 жылғы 22 тамызда сағат 10:00-ден 18:00-ге дейін Сарайшық көшесі, 38 мекенжайындағы «Colizeum Premium» компьютерлік клубында ұйымдастырылады.

Astana Queens Cup — Қазақстандағы әйелдер киберспортын дамытуға, геймер қыздар қауымдастығын қалыптастыруға және осы бағытта тұрақты бәсекелестік орта құруға бағытталған жоба.

Турнирдің алғашқы кезеңі 27 маусымда өткен. Оған 30 қатысушыдан құралған алты команда қатысқан. Жобаның жалғасы ретінде 22 тамызда дәл осы алты команда қайтадан жарыс алаңына шығады.

Жарыс Counter-Strike 2 ойынындағы 5×5 форматында өтеді. Бағдарламада топтық кезең және жүлделі орындар үшін шешуші кездесулер қарастырылған.

Ұйымдастырушылар турнирдің тек спорттық бәсекемен шектелмейтінін атап өтті. Қатысушыларды жүлделер, серіктестердің сыйлықтары мен жеке номинациялар күтеді. Матчтарға кәсіби төрешілер мен комментаторлар қатысады. Сонымен қатар жарыс барысында фото және бейнетүсірілім жүргізіледі.

Жобаның негізгі мақсаты — әйелдер арасында киберспортты кеңінен дамыту және қыздарға осы салада өз қабілетін көрсетуге мүмкіндік беру.

Astana Queens Cup II турнирін The Summit Esports (TSE) ұйымдастырады.

Ұйымдастырушылардың айтуынша, жоба мұнымен тоқтамайды. Алдағы уақытта қатысушылар санын көбейтіп, Astana Queens Cup негізінде тұрақты әйелдер киберспорт лигасын қалыптастыру жоспарланып отыр.

Турнирге «Invictus Girls» фитнес-клубы, «AVON», «EVA», «Sundar Yoga», «BodyPro», «Colizeum Premium» және «Salvare» серіктестік қолдау көрсетеді.