75

Ардагерден курьерге дейін: алматылықтар Құрылтай сайлауына қатысуға үндеді

Алматыда түрлі сала өкілдері тұрғындарды 23 тамыздағы Құрылтай сайлауына қатысуға шақырды.

Ардагерден курьерге дейін: алматылықтар Құрылтай сайлауына қатысуға үндеді
Алматы қаласының Ішкі саясат басқармасы

Алматыда қоғамның түрлі саласында еңбек ететін азаматтар тұрғындарды 23 тамызда өтетін Құрылтай депутаттарының сайлауына қатысуға үндеді. Бастамаға зиялы қауым өкілдері, ардагерлер, ғалымдар, мәдениет және өнер қайраткерлері, спортшылар, кәсіпкерлер, өндіріс мамандары, қоғам белсенділері, жастар мен блогерлер қосылды.

Үндеуге қатысушылардың айтуынша, сайлауға бару – азаматтың елдің қоғамдық-саяси өміріне деген жауапкершілігін танытатын маңызды қадам. Олардың ортақ ұстанымы – қоғамның болашағына қатысты шешімдерге әр азаматтың өз таңдауымен үлес қосуы.

Алматының ардагерлер қауымы да бастаманы қолдады. Қалалық Ардагерлер кеңесінің кеңейтілген отырысында Құрылтай сайлауына қатысу мәселесі талқыланып, тұрғындар арасында түсіндіру жұмыстарын жүргізу үшін арнайы штаб құрылды.

Этномәдени бірлестіктердің өкілдері сайлауға қатысуды ел бірлігі мен ортақ болашақ алдындағы жауапкершілікпен байланыстырды. Олар Қазақстандағы этносаралық келісім мен өзара құрметті сақтаудың маңызын атап, азаматтардың белсенді ұстанымы қоғамдық тұрақтылықты нығайтуға ықпал ететінін айтты.

Ғылыми-сарапшылық орта да үндеуге қосылды. Ғалымдар азаматтарды сайлау үдерісіне жауапкершілікпен қарауға шақырды. Бұдан бөлек, Философия, саясаттану және дінтану институтының сараптамалық алаңында Құрылтай сайлауының қоғамдық-саяси маңызы, оның саяси жүйені жетілдірудегі және қоғамдық диалогты дамытудағы ықпалы талқыланды.

Алматы қаласының Қоғамдық кеңесі де арнайы отырыс өткізіп, азаматтық белсенділіктің маңызына назар аударды. Кеңес мүшелері дауыс беруді елдің болашағына бейжай қарамайтын азаматтық ұстанымның бір көрінісі деп бағалады.

Бастамаға спортшылар мен альпинистер де қолдау білдірді. Олар алматылықтарды 23 тамызда сайлау учаскелеріне барып, өз таңдауын жасауға шақырды.

Кәсіпкерлер мен бизнес өкілдері де азаматтық белсенділіктің маңызын атап өтті. Құрылыс, қонақ үй, көлік, консалтинг және басқа да салаларда жұмыс істейтін кәсіп иелері сайлауға қатысудың жауапкершілік екенін жеткізді. Үндеуге «Яндекс Такси» компаниясының өкілі мен өзге де бизнес өкілдері қосылды.

Ортақ бастамаға Алматыдағы ірі өнеркәсіп кәсіпорындарының еңбек ұжымдары да атсалысты. «Қазлегпром-Алматы», «Асфальтобетон 1», «Алматы нан» және Angelcher компанияларының қызметкерлері адал еңбек пен азаматтық жауапкершіліктің өзара байланысты екенін айтты. Өндіріс мамандары елдің тұрақты дамуы, отбасы әл-ауқаты мен балалардың болашағы өздері үшін маңызды екенін атап өтті.

Құрылыс саласының қызметкерлері де осы ұстанымды қолдады. BI Group мамандары қаланың дамуына, жаңа тұрғын үйлер мен заманауи инфрақұрылымның қалыптасуына күн сайын үлес қосып жүргендерін айтып, сайлауға қатысуды ел мен келер ұрпақ алдындағы жауапкершіліктің бір бөлігі деп бағалады.

Қызмет көрсету, сауда және қоғамдық көлік саласының өкілдері де үндеуге қосылды. Қоғамдық тамақтану, сервис және шағын бизнес мамандары азаматтық белсенділік адамның кәсібіне немесе әлеуметтік мәртебесіне қарамастан, баршаға ортақ міндет екенін айтты.

Мегаполис көшелерінде күн сайын еңбек ететін курьерлер мен мопед жүргізушілері де өз үндеуін жолдады. 200-ден астам мопед жүргізушісі арнайы бейнероликтерге қатысып, құрдастарын азаматтық белсенділік танытуға шақырды. Олардың пікірінше, жолдағы жауапкершілік қаншалықты маңызды болса, ел болашағына қатысты шешім қабылдаудағы саналы таңдау да соншалықты маңызды.

Жастар мен блогерлер азаматтарды сайлауға қатысуға шығармашылық форматта үндеп жатыр. Жас шоумендер танымал ән әуеніне бейнеролик түсіріп, музыка мен әзілді азаматтық таңдау тақырыбымен ұштастырған.

Әртүрлі буын мен мамандық иелерін біріктірген ортақ ой біреу: қоғам өміріне араласу әр азаматтың жеке таңдауынан басталады.

Өнер мен спорт өкілдерінен бастап ғалымдар мен кәсіпкерлерге, ардагерлер мен жас мамандардан құрылысшылар, курьерлер, қоғам белсенділері мен блогерлерге дейінгі алматылықтар тұрғындарды 23 тамызда сайлау учаскелеріне барып, Құрылтай депутаттарын сайлауға қатысуға шақырып отыр.

23 тамыз – сайлау күні. Әр дауыс маңызды.