Қазақстанның солтүстігінде шетелдіктер отырған автобус өртеніп кетті
Белое ауылы маңында болған өртке автобустың тежегіш қалыптарының кептеліп қалуы себеп болған.
SMARTNEWS.KZ басылымының хабарлауынша, Солтүстік Қазақстан облысында шетелдік жолаушылар отырған автобус жолда өртенді. Оқиға Белое ауылының маңында болған.
Сургут–Тәжікстан бағытымен келе жатқан жолаушылар автобусының дөңгелегі кенеттен тұтанып, көліктің іші түтінге толған. Автобуста Ресей мен Тәжікстан азаматтары болған.
Алдын ала мәлімет бойынша, өртке тежегіш қалыптарының кептеліп қалуы себеп болған. Соның салдарынан автобустың оң жақ дөңгелегі қызып, кейін жанған.
Құтқарушылар жеткенге дейін оқиға орнына Белое ауылының «Ауыл құтқарушылары» еріктілері келген. Олар өртті оқшаулап, жолаушылардың автобустан қауіпсіз шығуына жағдай жасаған.
Кейін оқиға орнына Төтенше жағдайлар министрлігінің қызметкерлері жетіп, өрт ошағына су шашып, қайта тұтану қаупін жойған.
Оқиға салдарынан ешкім зардап шеккен жоқ.
Материал авторы