202

Қазақстанда зейнетақы жинағын жеке басқарушыға толық аударуға мүмкіндік туады

7 қыркүйектен бастап зейнетақы жинағына қатысты жаңа тәртіп енгізіледі.

Қазақстанда зейнетақы жинағын жеке басқарушыға толық аударуға мүмкіндік туады
SMARTNEWS.KZ коллажы

SMARTNEWS.KZ басылымының хабарлауынша, Қазақстанда Бірыңғай жинақтаушы зейнетақы қорының салымшылары үшін маңызды өзгеріс енгізіледі. 7 қыркүйектен бастап азаматтар міндетті зейнетақы жарналары мен міндетті кәсіптік зейнетақы жарналары есебінен қалыптасқан жинақтарының 100 пайызына дейін инвестициялық портфельді жеке басқарушыларға бере алады.

Бұған дейін міндетті зейнетақы жинақтарын жеке басқарушы компанияға аударудың шегі 50 пайыз болған. Ал ерікті зейнетақы жарналары есебінен жиналған қаражатты толық көлемде беруге мүмкіндік бар еді.

Жаңа тәртіп бойынша БЖЗҚ салымшысы міндетті жинақтарының барлығын дерлік жеке басқарушының қарауына бере алады. Бұл ретте ең төменгі жеткіліктілік шегі есепке алынбайды.

Зейнетақы аннуитеті туралы сақтандыру компаниясымен келісім жасасқан азаматтарға да жинағын толық көлемде аударуға мүмкіндік беріледі.

Қаражатты аудару тәртібі қалай өзгереді?

Зейнетақы активтерін жеке басқарушыға беру рәсімі автоматтандырылған. Салымшы алдымен БЖЗҚ-мен жұмыс істеуге рұқсат алған инвестициялық портфельді басқарушылардың ішінен компания таңдауы керек.

Одан кейін өтінішті БЖЗҚ-ның enpf.kz сайтындағы жеке кабинет арқылы электронды түрде беруге болады. Бұл үшін электрондық цифрлық қолтаңба қажет. Құжатты қор бөлімшесіне барып та рәсімдеуге мүмкіндік бар.

Өтініштің орындалу барысын БЖЗҚ-ның жеке кабинеті немесе мобильді қосымшасы арқылы бақылауға болады. Қаражат таңдалған компанияға заңнамада белгіленген мерзімде аударылады.

Басқарушы компанияны қалай таңдауға болады?

Жеке басқарушыны таңдау – салымшының өз шешімі. Сондықтан қаражатты аудармас бұрын компанияның инвестициялық стратегиясын, бұрынғы кірістілігін және қаржылық жағдайын мұқият салыстырған жөн.

Бұл ақпаратты БЖЗҚ-ның invest.enpf.kz платформасынан көруге болады. Онда басқарушы компаниялардың қаржылық көрсеткіштері, инвестициялық кірістілігі, басқаруындағы активтер көлемі және портфель құрылымы жарияланып отырады.

Мамандар басқарушыны таңдау кезінде бірнеше факторға назар аударуды ұсынады: компанияның инвестициялық декларациясы, қаржылық көрсеткіштері мен кірістілік тарихы, сондай-ақ Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігі тарапынан қолданылған әкімшілік шаралар мен санкциялардың болуы.

Зейнетақы активтерін кім басқара алады?

Зейнетақы қаражатын басқаруға тек Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігінің тиісті тізіліміне енгізілген компанияларға рұқсат беріледі.

Оларға лицензияның болуы, нарықтағы жұмыс тәжірибесі, тұрақты қаржылық көрсеткіштер және ықтимал шығындарды жабуға жеткілікті меншікті капитал сияқты талаптар қойылады.

Сонымен қатар компанияда БЖЗҚ-мен сенімгерлік басқару туралы келісім және БЖЗҚ, басқарушы компания мен кастодиан-банк арасында жасалған үшжақты кастодиандық келісім болуы керек.

Қазіргі таңда зейнетақы активтерін басқаруға рұқсат берілген компаниялар қатарында Alatau City Invest, BCC Invest, Halyk Finance, «Сентрас Секьюритиз» және Tansar Capital бар.

Ал Halyk Global Markets компаниясының БЖЗҚ-мен келісімшарты 2027 жылғы 1 қаңтардан бастап тоқтатылады. Осыған байланысты БЖЗҚ 2026 жылғы 1 қаңтардан бері бұл компанияға қаражат аудару жөніндегі жаңа өтініштерді қабылдамайды.

Егер басқарушы компания реттеушінің тізілімінен шығарылса, оның басқаруындағы зейнетақы жинақтары автоматты түрде Ұлттық банктің басқаруына қайтарылады.

Салымшыларға арналған цифрлық платформада не бар?

Invest.enpf.kz платформасы зейнетақы инвестицияларына қатысты негізгі ақпарат пен онлайн қызметтерді бір жерге біріктіреді.

Салымшылар жеке кабинет арқылы жеке басқарушыға аударуға болатын қаражат көлемін тексере алады. Сонымен қатар басқарушы компанияны таңдау, ауыстыру немесе активтерді Ұлттық банктің басқаруына қайтару тәртібімен танысуға болады.

Платформа арқылы өтініш беріп, оның орындалуын бақылауға және таңдалған компанияның инвестициялық портфелі туралы өзекті ақпаратты көруге мүмкіндік бар.

БЖЗҚ өз кезегінде барлық салымшының жеке зейнетақы шоттарын есепке алатын бірыңғай ақпараттық және есептік орталық ретіндегі қызметін сақтайды. Яғни қаражатты кім басқарғанына қарамастан, салымшының зейнетақы шоты БЖЗҚ жүйесінде қала береді.

Жаңа мүмкіндік азаматтарға зейнетақы активтерін басқаруда таңдау еркіндігін кеңейтеді. Алайда қаражатты жеке басқарушыға беру автоматты түрде жоғары табысқа кепілдік бермейді. Сондықтан компанияны таңдаған кезде оның кірістілігімен қатар инвестициялық стратегиясы мен тәуекелдерін де ескеру маңызды.

Материал авторы