123

Өнеркәсіптің қарыштауы – мемлекеттің ешкімнен қалыспауы

Жақында үкіметте өренкәсіптік саясат жөніндегі ведомствоаралық комиссияның кезекті отырысы өтті. Онда инновациялық технологияларды енгізуді көздейтін металлургия саласындағы жаңа жобалар қаралды.

Өнеркәсіптің қарыштауы – мемлекеттің ешкімнен қалыспауы
AI / SMARTNEWS.KZ

Жиында Ақтөбе облысында заманауи технологиялық шешімдерді қолдану арқылы таза катодты мыс өндіруге бағытталған жоба, сондай-ақ Қарағанды облысында вольфрам кенін өңдеу және шикізатты гидрометаллургиялық өңдеудің инновациялық технологияларын қолдану арқылы аммоний паравольфраматын өндіру жобасы талқыланды. Бұл жобаларды іске асыру елдің экспорттық себетін әртараптандыру, шикізатты ел ішінде терең өңдеу арқылы қосылған құны жоғары өнім өндіру сияқты жоғары мультипликативтік әсерге ие екеніне аса мән берілді.

Қазіргі кезде жаңа өнеркәсіптік саясат алға шығып отыр. «Өнеркәсіптік саясат туралы» Заң елімізде 2021 жылы қабылданды. Содан бері өңдеу өнеркәсібіне ден қойылған. Оның іргетасы қаланып жатыр. Яғни өндіріс пен шаруашылықтан алынған шикізатты терең өңдеу индустриясының ғылыми-инновациялық, цифрлық негіздері қалануда, инфрақұрылымы жасалуда.

Бүгінде елдің дамуына жоғары серпін беретін әрекеттердің бірі өңдеу өнеркәсібі. Бұл қадам елдің өнім өндіру әлеуетін арттырады, жаңа жұмыс орындарын ашады және тұтас экономиканы қарыштатады. Осы саясаттың барысында жастардың заманауи жаңа технологияларды меңгеруі еселеп арта түседі.

Қазба байлықтарды шикізаттан сапалы өнімге айналдыру, ал жеңіл өнеркәсіпті бәсекеге қабылетті деңгейге шығара отырып, экспортты көбейту көзделген. Металл өндірісі мен өңдеу, машина жасау мен химия өнеркәсібі, тұрмыстық техника өндірісі, құрылыс материалдарын шығару, тыңайтқыш өндіру, ауыл шаруашылығы өнімдерін терең өңдеу арқылы дайын тағамдар мен бұйымдар шығару сынды жұмыстар жаңа өнеркәсіп саясатының аумағына кіреді. Бұл бағытты жетілдіре отырып, бәсекеге қабытетті, әлемде сұранысқа ие тұрақты өнеркәсіпке айналдыру міндеті тұр. Бұл ішкі нарықты жандандырып қана қоймайды, экспортты да арттырады. Ал жаңа компаниялар мен кіші кәсіпорындар күрт көбейеді, өңірлерде мыңдаған жұмыс орындары ашылады.

Жаңа өнеркәсіптік саясаттың мақсаттарының ішіндегі маңыздысы елдің экономикасын өркендету және табысын арттыру. Мемлекетіміз бұғанинновациялар мен цифрлық технологияларды енгізу, экологиялық тазалықты сақтау, әлемдік бәсекеге қабылеттілікті арттыру жолымен бара жатыр. Ал бұл маңызды стратегиялық жол.

Өңдеу өнеркәсібінің қалыптасқан ірі кәсіпорындарына қазіргі уақытта Қостанайдағы автокөлік құрастыру зауыты, Қарағанды мен Павлодардағы металл өңдеу кәсіпорындары, Алматы мен Түркістан облыстарындағы құрылыс материалдарын шығаратын фабрикалар, Жамбыл облысындағы минералды тыңайтқыш өндірісі, тағы басқа өнеркәсіп ошақтары жатады. Инновацияға, цифрлық технологияларға, IT-жобаларға және жасыл экономикаға басымдық берілген.

 

Авторы: Мадина Нұрлан