653

Мектеп формасына бағынбаған оқушылар үшін ата-аналарға айыппұл салына ма?

Кейбір мектептер оқушылардың шаш үлгісі мен сырт келбетіне дейін талап қойып, ата-аналардың наразылығын күшейтті.

Мектеп формасына бағынбаған оқушылар үшін ата-аналарға айыппұл салына ма?
Threads/goat.5806304 / Фото: Threads/dana_serikzhan

SMARTNEWS.KZ басылымының хабарлауынша, кейбір мектептер оқушылардың шаш үлгісінен бастап киімінің түсіне дейін талап қоя бастаған. Белгіленген ережелерге бағынбаған ата-аналарға айыппұл салынатыны туралы ескерту жасалып, бұл мәселе қоғамда үлкен наразылық тудырды. Бұл туралы КТК телеарнасы жазды.

Оқу жылы қарсаңында кейбір мектептердің ата-аналар чаттарына оқушылардың сырт келбетіне қатысты арнайы талаптар жіберілген. Онда шаштың табиғи түсі сақталуы, құлақтың ашық болуы, маникюр мен макияжға жол берілмеуі керектігі көрсетілген.

Педагогикалық қауымдастық өкілдерінің айтуынша, мұндай талаптар жекелеген мектептерде бұған дейін де енгізілген. Мұғалімдер мен белсенді ата-аналар қозғалысының блог әкімшісі Елена Бантикованың сөзінше, мектептердің талаптарына қатысты шағымдар көбейіп кеткен.

Оның айтуынша, кейбір оқу орындарында қыз балалардың шаш үлгісіне дейін нақты талап қойылады. Мәселен, шашын жинап келген оқушыдан екі бұрым өріп жүру талап етілуі мүмкін.

Қоғам белсендісі мұндай талаптардың Білім министрінің бұйрығында қарастырылмағанын айтып, оқушылардың құқықтарына қатысты мәселе туындауы мүмкін екенін жеткізді.

Кейбір мектептер бұдан да асып, оқушылардан белгілі бір түстегі киім киюді, тіпті форманың жекелеген бөлшектерінің үлгісін сақтауды талап етеді. Мұндай талаптар ата-аналарға қосымша шығын әкеліп қана қоймай, балалар арасында салыстыру мен наразылық тудыруы мүмкін.

Бесінші сынып оқушысының әжесі Мархамат Нұрғазина бірыңғай мектеп формасын қолдайтынын, алайда әр мектептің түрлі түсті форма талап етуі балалар арасында түсініспеушілікке әкелуі ықтимал екенін айтады.

Сонымен қатар мектеп формасына қатысты талаптарды бұзған ата-аналарға айыппұл салынатыны туралы ескертулер де тараған. Алғашқы жағдайда шамамен 20 мың теңге көлемінде айыппұл қарастырылатыны, қайталанған жағдайда оның көлемі бірнеше есе өсетіні айтылған. Бұл ретте Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодекстің 409-бабы көрсетіледі.

Алайда заңгерлер мектеп формасының нақты түсін заңнама міндеттемейтінін алға тартады.

Адвокат Вадим Курамшиннің түсіндіруінше, қолданыстағы талаптар оқушылардың сырт киіміне қатысты белгілі бір жалпы нормаларды қамтиды. Қыз балаларға жилет, пиджак, тобықтан төмен түсетін шалбар немесе белдемше, ал ұлдарға пиджак пен шалбар кию талап етіледі. Бірақ киімнің түсіне қатысты міндетті талап белгіленбеген.

Заңгердің пікірінше, ата-ананы әкімшілік жауапкершілікке тарту үшін баланың сырт келбетінің білім беру жүйесіне нақты қандай зиян келтіргенін дәлелдеу қажет.

Мәжіліс депутаты Ирина Смирнова да оқушылардың сырт келбетін шамадан тыс қатаң реттеудің қажеті жоқ екенін айтты. Оның пікірінше, мектеп оқушысы білім алып қана қоймай, шығармашылық қабілетін дамытып, өзін тұлға ретінде қалыптастырады.

Ал Оқу-ағарту министрлігі аталған талаптарды ведомство бекітпейтінін мәлімдеді. Министрліктің түсіндіруінше, мектептер мұндай ішкі ережелерді өздері қабылдайды. Алайда олар қамқоршылық кеңестермен, ата-аналар комитеттерімен және мектептің өзін-өзі басқару органдарымен келісіліп бекітілуі тиіс. 

Материал авторы

Азиз Қалижан
Азиз Қалижан Редактор