Димаш Құдайбергенді Мехико әуежайында қалың жанкүйер қарсы алды
Әнші көлігіне отырған соң люктен шығып, өзін күтіп тұрған жұртқа қол бұлғап қоштасты.
SMARTNEWS.KZ басылымының хабарлауынша, әнші Димаш Құдайберген Мексика астанасы Мехико қаласының әуежайына келгенде, оны көпшілік болып жиналған жанкүйерлері күтіп алды. Өнер иесін алғаш рет Мексика жерінде қарсы алуға келген тыңдармандарының видеосы әлеуметтік желілерде кеңінен тарады.
Кадрлардан әншіні қоршап алған жанкүйерлердің одан қолтаңба сұрап жатқанын көруге болады. Қалың көпшіліктің арасынан көлігіне әрең жеткен Димаш жанкүйерлеріне күлімсіреп, жол-жөнекей бірнеше адамға қолтаңба беріп үлгерген.
Кетер алдында әнші көліктің люгінен шығып, жиналған жұртқа қол бұлғап қоштасты.
Айта кетейік, бұған дейін Мексиканың Монтеррей қаласында Димаш Құдайбергеннің алып портреті бейнеленген мурал әншіні ерекше толқытқан еді. Өнер иесі қала тұрғындарына алғысын айтып, бұл туындыны ешқашан ұмытпайтын сыйлық деп атаған.
Сондай-ақ қазақстандық әнші Мексиканың Мерида қаласында өткен концертінде аншлаг жинаған болатын.
Материал авторы